«The Pussycat Dolls» тобы қайта жанданды! Әлемге әйгілі гелзбенд 10 жылдық үзілістен кейін сахнаға оралды.
Николь Шерзингер бастаған бұрынғы құрам су жаңа «React» атты трекке бейнебаян ұсынды. The Pussycat Dolls-тың тың туындысы көпті таңқалдырғандай! Клипте 40 жастан асқан әншілер қимылдарының ширақтығымен тәнті етеді. Топ мүшелерінің айтуынша, олар ең алғашқы бейнебаядарын қайталауды мақсат тұтқан.
Николь Шерзингер, әнші:
-Біз әлі сол баяғы қыздармыз. Арада 20 жыл өтсе де біздің өнерге деген махаббатымыз өшкен жоқ. Сондықтан болар, біздің күш-жігеріміз сарқылмақ емес.
Еске салсақ, бейнебаян жарық көргелі 5 млн-нан астам қаралым жинап үлгерді. Одан бөлек, трек АҚШ-тың «iTunes» музыкалық чартында екінші орынға жайғасқан.
Кармит Бачар, әнші:
- Қайта оралғанымызға сене алар емеспін. Енді бұрынғыдан екі есе көбірек жұмыс істеу керек. Себебі, қазіргі заман басқаша, жастардың сұранысы мүлдем өзге.
Ұзақ үзілістен кейін алғашқы бейнебаяндарын жарыққа шығарған ұжым, түсірілім алаңынан эксклюзивті видео ұсынды. Тіпті, топ фанаттарына арнайы блог арнаған өнер иелері бұрынғы танымалдылығын қайтаруға құлықты. Енді The Pussycat Dolls-дықтар Ұлыбритания еліне турне өткізуге дайындық үстінде. Топтың гастрольдік ән сапары сәуір айында басталмақ.
Еске салсақ, аты аңызға айналған гелзбенд 1995 жылы хореограф Робин Антиндың басшылығымен жасақталған еді. Алғашында бишілер тобы ретінде танылған ұжым, 2003 жылдан бастап жеке әндерін ұсына бастады.