Тейлор Свифтің өнерін бағалаушыларға жағымды жаңалық! Әнші туралы таспаланған «Miss Americana» деректі картинасының тұсауы кесілді. Тыңдарман тағатсыздана тосқан туындының премьерасы Sundance Film Festival аясында өткен еді.
Премьера күні жиылған жанкүйерлердің көптігі әншінің өзін таңырқатса керек. Тіпті, Тейлорды кинотеатрдың алдынан күтіп алған көпшілік орындаушымен сэлфиге түсіп, қолтаңба алуға тырысты.
«Miss Americana» лентасының режиссерлық тізгіні Лана Уилсонға бұйырғанеді. Еске салсақ, Тейлордың дәл осы фильммен аттас трегі де бар. Су жаңа картинаға Тейлор Свифтің өмірі мен өнер жолы негіз болған. Онда әншінің ел естімеген, жан баласына жақ ашпаған құпиялары да көрсетілмек. Тіпті «туынды оның жеке өміріне қатысты түрлі сауалдарға жауап беретініне сенімдіміз», - дейді киногерлер.
Су жаңа лента 31 қаңтарда көрерменге жол тартпақ! Деректі фильм Netflix стримингтік арнасында көрсетіледі.