Биыл Хәкім Абайдың 175 жылдығы Республика бойынша дүркіретіп аталып өтуі тиіс. Ел елден, жер жерден құттықтаулар қарша борап, мерекенің екпіні жақсы сезілуде. Айтулы мейрам жайлы естіген сәнгер Белла Сат-мырза да, шараға өз үлесін қосып, алашты қазақы әрі заманауи киімдері арқылы рухтандырығысы келетінін айтады.
Италияның Милан қаласында білім алып келген Белла туған елдей ел болмасын, жат жерде жүріп жақсы түсінген. «Қайтсем үлесімді қосамын?», - деп көп ойланған ол, ақыры жастардың талғамынан шығатын топтаманы жасаған.
Белла Сат-мырза, сәнгер:
– Қазіргі заманда өзіңіз білетіндей, миллениал поколениясы немесе к-поп стильін ұстанатын жасөспірімдер көбейіп кетті. Олар өте ерекше және сондай өзінің бір мағыналық мәтіні бар нәрсені жақсы көреді.
«Жастардың рухын Абайдан артық ешкім оята алмайды» деген сәнгер, Хәкімнен артылып сөз қалмағанын, реті келсе тура жолды оның қара сөздерінен іздеу керектігін айтады.
Белла Сат-мырза, сәнгер
– Сондықтан мен осы «ХайпбайАбай» деген киім топтамамды Абай атамыздың мерейтойына ғана емес, сонымен қатар Абай атамыздың сонау екі ғасыр бұрын айтылған сөздері әлі күнге дейін өзінің мағынасын жоғалтпауда. Өзіңіз білетіндей қазіргі кезде түрлі – түрлі психолог мамандардың тренингтары, аффирмация деген сияқты сөздері көбейіп кетті. Бірақ былай қарасақ, Абай атамыздың әр қара сөзі кәдімгі аффирмация.
Ескі өлеңге, есті реңк беріп жастардың жадында жатталып қалуына үлкен үлесін қосып жүрген, M’Dee атты өнерпаз, «Көзімнің қарасын» заман ағымына сай өңдеп шықты. Туындының сәтті бастама тапқаны сөзсіз.
Одан бөлек, желі беттерінде Абайдың қара сөздері мен жырлары жазылған картинкалар да кең етек жайып үлгерді.
Қала берді, 9 жасар Ләйлім-Шамшырақ президентімізге жолдаған «Абай жырынан үзінді» челленджі де танымалдар тарапынан қолдауға ие болды. Ақан Сатаев, Димаш Құдайбергенов, тіпті Джеки Чанның өзі өлең оқудан құр қалмады.