Есесіне, жаңа жылға қадам басқан кей өнерпаздар 2020-да бір емес бірнеше жүлдені иемдену үшін аянбай еңбек етуге құлықты. Мәселен, Серік Ибрагимовтың биылға құрған шығармашылық жоспарлары жетерлік.
Серік Ибрагимов, әнші:
- 2020-ға жоспарлар болғанда, сол біздікі күйбең тіршілік қой. Ән жазу, бейнебаян түсіру. Наурыз айына дейін жаңағыдай бір салмақты дүние түсіремін.
Жас әншілер – «Аянат» тобы болса, 2020 жылда көптен бергі армандарын жүзеге асырмақ.
«Ayanat» тобы:
Алла қаласа 2020 жылы бүкіл біздің жоспарларымыз орындалады деген ойдамыз. Көп жоспарларымыз бар. Мына баскиім мешать етіп жатыр, сондықтан шешіп тастайын. Қыздармен кішігірім арманымыз бар, өзіміздің жанкүйерлерімізбен фанмитинг сияқты нәрсе ұйымдастыру.
Аянаттықтардың продюсері Алуа Қонарова да, жылдық жоспарын реттеп қойған жайы бар.
Алуа Қонарова, продюсер:
- Қарамағымдағы Ринго, Рензо, Аянат пен соло әншім Асылтас Аяптың шығармашлығын шыңдау басты мақсатым. Егер сәтін салса, мега үлкен жобаны жүзеге асырмақпын. Ол әзірге құпия. Бірақ НТК көрермендері алғаш болып біледі деп уәде беремін.
2020-да тек қана шоу-бизнес өкілдері ғана емес, спорт жұлдыздары да сүйінші хабарымен қуантуға құлықты. Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов биыл «күйеубала» атану үшін барын салмақ.
Қуат Хамитов, аралас жекпе-жек шебері:
- Негізі осы 1-2 жылда шаңырақ көтеремін деп жоспарлап отырмын негізі. Ол енді спорттық карьерама байланысты. Спорттық карьерамда алға қойған мақсаттарыма жетіп жатсам, соған жеткеннен кейін міндетті түрде сіздердің барлықтарыңызды тойыма шақыратын боламын.
Есесіне, Қуаттың әріптесі – Бауыржан Исламхан болашағы не боларын білмей дал. Еске салсақ, аяқдопшы жуырда ғана «Қайрат» футбол клубының сапынан кеткен еді.
Бауыржан Исламхан, футболшы:
- Қазір мен өз тағдырымды әлі білмеймін, қай жақта ойнайтынымды биыл. Сондықтан, мен күтіп жатырмын сол.
Десе де, футболшы «2020-шы жыл әрбір шаңыраққа қуаныш әкелсе» - деген ізгі тілегі бар екенін айтып қалды.