Санта-Моника «Critics' Choice Awards» жүлдесі табыстады.

Сообщить о проблеме с эфиром

«Оскар» марапатының қарсаңында, Америка киносыншылар қауымдастығы кіл мықты киногерлерге «Critics' Choice Awards» жүлдесін табыстады. Шара аясында, Санта-Моника төрінде қызыл кілем төселді. Бұл кеште сәні мен салтанаты жарасқан сылқымдар көшін Шарлиз Терон, Энн Хэтуэй, Дженнифер Лопес бастады.Алайда, арнаулы жолақ бойында әдеттегідей аруларға Билли Портер шаң қаптырды.

Билли Портер, актер:

- Байқағандарыңыздай бұл шараға ұзақ дайындалдым. Тіпті, тырнақтарымның өзі образыма сай.

Билли бастаған сәнқойларды көп күттірмей, шараның шымылдығы түрілді. Бұл кеште «Джокер» фильмінде басты рөлді сомдаған Хоакин Феникс «үздік актер» атанса, «Джуди» лентасымен Рене Зеллвегер «үздік актриса» марапатын еншіледі.

Ал киносыншылар қауымдастығының пікірінше, Квентин Тарантиноның «Бір күні Голливудта» фильмі ең үздік.

«Эйфория» телехикаясында басты рөлді сомдаған Зендая да мүсіншені қанжығасына байлап қайтады деп, көпшілік топшылаған-ды. Алайда, актрисаға бұл кеште марапат бұйырмады. Соған қарамастан, сылқым көңілін әсте түсірмек емес.

Зендая, актриса:

- Бұл кеште бас қосуымыздың өзі бір ғанибет. Ал марапатты еншілей алмауымыз керісінше аянбай еңбек етуімізге сеп болады.