Әлемге әйгілі «Forbes» басылымы 2019-шы жылдың «ең бай» жұлдыздар тізімін анықтады. Танымал журналдың пайымымен табысты әншілер көшін Тейлор Свифт бастап тұр.
29 жастағы америкалық әншінің осы жылы тапқан табысы 185 млн АҚШ долларын құрайды. Өнерпаз осы аралықта «Lover» альбомын ұсынып, бірнеше бейнебаян шығарған еді. Еске салсақ, Тейлор «Грэмми»-дің төрт дүркін жеңімпазы атанып, «жыл альбомы» номинациясын еншілеген ең жас әнші ретінде тарихта қалған тұңғыш орындаушы.
Ал адал еңбегінің арқасында Канье Уэст екінші сатыға жайғасты. Рэпер биыл 150 млн доллармен қалтасын қалыңдатқан. Ким Кардашьянның жары музыкадан бөлек бірнеше кәсіпті қатар алып жүрген білікті бизнесмен. Оның дизайнер ретінде «Аdidas» брендімен бірігіп ұсынған «Yeezy» спортық аяқ-киіміне халық сұранысы күннен күнге артып келеді.
Әсем дауыс иегері Эд Ширан «ең табысты» әншілер үштігін түйіндейді. Британдық музыкант биылғы жылы 110 млн АҚШ доллар қаражатқа кенелген. Өнерпаздың табыстылар тізімінен табылуына 2019-да жарық көрген альбомы сеп болды. Ширанның «No.6 Collaborations Project» жинағына Khalid, Camila Cabello, Cardi B, Justin Bieber, Travis Scott сынды әлемге әйгілі музыканттармен орындаған ортақ дуэттері енген.