Қыран бейнелі байрақты желбіретіп, қазақты күллі елге танытып жүрген Димаш Құдайберген желтоқсанның жетісі күні, Ресейде өткен «Песня года» фестивалінде өнер көрсетіп, «Жыл әншісі» марапатын алды. Басты жүлдені жеңіп алған Димашқа мүсіншені 70 жастағы Валерий Леонтьев табыстады.
Ал әлемдік аренаны бағындырып жүрген әнші күні бүгін Нью-Йорк қаласына ұшып келді. Әуежайға қона салысымен, Димашты әр елден келген жанкүйерлері Қазақстанның туын, әншінің суреттері мен альбомдарын ұстап күтіп алған.
Әуежайдағы тосын оқиғалардың тағы бірі Сан-Петерборлық арудың Димаш үшін арнайы Ресейден ұшып келуі болды. Катерина Ресейдің мәдени астанасында өткен әншінің жеке концертінен соң, Нью-Йоркке қос өкпесін қолына ала жеткен. Онымен қоймай, кумирін қуанту үшін аспан түстес камзол да киіп алған.
Катерина қазақша тағамдар, кәдесыйлар мен "Димаш" шәйін басқа мемлекеттерден келген жанкүйерлерге тараттты. Ал әншінің өзге табынушылары «Димаштың» қуыршағын қолдан тігіп, оған сыйлау үшін арнайы ала келген.
Калифорния, Мексика, Болгария, Чили, Ресей мен Қазақстаннан келген жанкүйерлер Димашты көпке дейін жібермей, ақ тілектерін жаудырды. Естеріңізге сала кетейік, 10-шы желтоқсан Нью-Йорк қаласындағы «Barclays Center» аренасында Димаштың төрт бірдей тілде жеке концерті өтпек. Аталмыш кештің билеттері екі аптаға жуық уақытта түгелдей дерлік сатылып кеткен.