Өнерде алыс-берістік жүре береді. Тіпті қайтарымсыз сыйлықтардың санында да шек жоқ шығар. Мәселен, жақында Ерке Есмаханға құпия жан көлік мінгізсе, Төреғали Төреәлі әлі күнге дейін өзіне темір тұлпар сатып алып көрмегенін, бәрі сыйлыққа келетінін айтады. «Меломен» тобының серілері де осы уақытқа дейін қолдап, қорғап келе жатқан ағалары барын жеткізді. Тіпті, жаңа ән туа қалса, «көрімдік» деп ат жетектетіп жібереді екен.
Ролан Қазіретов, әнші:
– Иә, біздің ағаларымыз көп. Ағаларымыз, әпкелеріміз бар, біздің өнеріміздің жанашыры. Өзіміздің жанашарымыз. Үнемі қолдау көрсететін. Жаңа ән шығарсақ көрімдік деп атып жататын, мінгізіп жататын аттар өте көп.
Ғазизхан Шекербеков: «Қолдауыңыз қажет деп, ешқандай қалталы азаматтардың алдына бетімді салып бармадым, сыйлықтарын алмадым» - деп отыр. «Досы көпті, жау алмайды» деген қағиданы ұстанатын әншіге, үнемі достары көмектесетін көрінеді.
Ғазизхан Шекербеков, әнші:
- Менің достарымның бәрі мысалы, концерт берейін деп жатсам, болмаса бір бейнебаян түсірейін деп жатсам, болмаса бір той жасайын деп жатсам әрқайсысы әрбір жүгін өз мойнына алып алатын достарым көп. «Біз осы жерін көтеріміз, біз мына жерін көтеріп жатырмыз» деген сияқты достарым бар.
Ал Қайрат Әділгерейдің қазаны майлы. Әзілкешке Тұрсынбек Қабатовтың өзі қолындағы қымбат сағатын шешіп берген. «Есімде қалған елеулі сыйлық осы болды» дейді Қайрат.
Қайрат Әділгерей, әзілкеш:
– Тұрсынбек Қабатовтың қолынан туған күнімен сағат алғам. Өзі қолынан шешіп берген. Ал Тұрсынбекке ол сағатты бір үлкен лауазымды адам сыйлаған болатын.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» - бұл өз ара бәсекесі бітпейтін жұлдыздар қауымының жазылмаған қағидасындай... Бірі «бергенді бүкпесіз айту керек» десе, енді бірі «ешкім білмей-ақ қойса екен» дейді.