Әйгілі «Glamour» журналы «жыл әйелін» анықтады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлемге әйгілі «Glamour» журналы 29-шы рет нәзік жандылардың басын қосып, «Glamour Women of the Year» марапатын өткізді. Дәстүрлі шара, «Go Big» яғни «Ұлы бол» тақырыбын негізге алған саммиттен басталды. Маңызды жиында қазіргі қоғамдағы әйелдер мәселесі талқыланды.

Ал, ауқымды шараның соңғы нүктесі, Нью-Йорктағы Линкольн орталықта қойылды. Кеште нәзік жандылардың күйін күйттеп, әйелдер қауымының құқығын қорғап жүрген аруларға арнайы жүлделер табысталды. Мәселен, мүсіншені еншілегендердің бірі – Шарлиз Терон.

Шарлиз Терон, актриса:

-Әйелдер қауымының мәселесі қаралуы тиіс. Өз басым, сексуалды зорлық-зомбылықтың құрбаны атанған аруларға қолдауға әзір екенімді айтқым келеді. Бүгінгі кештегі ерек атмосфера мені жаңа бастамаларға шабыттандырды.

Джейн Фонда болса, бұл кешке өзінің емес, өзгенің марапатын алып қайту үшін келген. Актриса, экология тақырыбын көтеріп, әлемді аузына қаратқан жас активист Грета Тунберг атынан сөз сөйледі.

Джейн Фонда, актриса:

-Грета өрімдей жас қыз болса да, оның сөздері әлемге әсер етті деп ойлаймын. Оның айтқандары ойлануға тұрарлық дүниелер. Мұндай маңызды мәселелер назардан тыс қалмауы керек.

Кешке жиылған әр арудың өз айтары бар. Бірі қыздардың құқығын қорғап көзге түссе, енді бірі футболдан Америка әйелдер құрамасының капитаны ретінде марапатты еншілеп қайтты. «Қысқасы, мұнда жиылған әрбір нәзік жанды үлгі боларлық тұлға»- дейдің ұйымдастырушылар