Чемпионға арнап ескерткіш ашылды! Илья Ильин де дәл сол қаралы күні қастандықтың құрбаны болған! Спортшы сыр ашты!
Денис Тен көзден кетсе де, көңілден кеткен емес! Спортшы жан-тәсілім еткен қаралы орынға, енді тас мүсіні мәңгіге бекіді. Ашылу салтанатында Алматы аспанын қара бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп тұрса да, жиылған халық қара құрым. Роза Қуанышқызы да маңызы зор шарадан табылуды жөн санаған.
Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
Өкінішке орай осындай баламыздан айырылып қалдық. Кез-келген анаға ол баланың атағы, құрметі, жеңісі керек емес. Кез-келген анаға баласы керек. Баласы қасында жүруі керек. Мен екі ұлымнан айрылсам, мен өмір сүрудің қажеті жоқ деп ойлаймын мысалы.
Спортшы көзі тірісінде көпшіл болды! Достарына да адал еді. Елге оралғанда, ең алғаш іздейтіні – Санжар Мәди. Актер марқұм досымен арасында ерекше рухани байланыстың болғанын айтады.
Санжар Мәди, актер:
- Бір-біріміздің ісімізге бас сұққан емеспіз. Күнде телефонмен сөйлеспейміз, бірақ сағынысып кездесетінбіз. Егер бір көріссек айрылмауға тырысушы едік. Бар уақытымызды пайдалы істерге жұмсайтынбыз.
Болмашы көлік айнасы – Денистің өмірін жалмады. Тағдыр әлде кездейсоқтық дерсіз, бәлкім. Дәл сол кезеңде Илья Ильин де осы ұқсас қастандықтың құрбаны болған. Зілтемірші артын ала Теннің өлімі жайлы қаралы хабарды естігенде есеңгіреп қалған.
Илья Ильин, ауыр атлет
- Ол әр адамның көңілін таба білді. Біз екеуміз спорт туралы сөз қозғаған емеспіз. Ең қызығы өмірлік мәні бар пайдалы кеңестермен бөлісетінбіз. Ол 18 жаста болғанда мен алғаш рет таныстым. Жап-жас болса да көпті көрген тұлғалардан кем түспейді.
Биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш, 5 ай бойы Санкт-Петербор қаласында дайындалыпты. Денистің 2014 жылы Сочи қаласындағы триумфы мүсінге негіз болған.
Матвей Макушкин, мүсінші (Ресей):
– Мүсін түгелдей дерлік Денис Теннің анасының жіті қадағалауымен жасалды.
Жуырда марқұмның биографиялық кітабы жарық көрмек. Сонымен қатар, қазан айында Денисті еске алу турнирі өткізіледі деп жоспарлануда.