Минскіге екінші рет табан тіреген серіні тосқандар бұл жолы да қара құрым!Димаш та бәлсініп қалмады! Беларусьтік Dears-тің көңілін қалдырмай бәрімен бірге суретке түсуге де, қолтаңбасын таратуға да уақыт тапты.
Серінің Минскіге келгендегі миссиясы аса жауапты! Кәрі құрлықтың 50 елінен жиылған төрт мыңға жуық спортшы бәсекеге түсетін, екінші Еуропа ойындарының ашылу салтанатының бас мейманы!
Димаш Құдайберген – әнші
– Жаһанның кіл мықты опера шеберлерінің қатарында өнер көрсетуім – үлкен мәртебе! Мен сияқты жас әншіге сенім артқандарыңыз үшін рақмет!
«Динамо» ұлттық олимпиада стадионында өткен айтулы шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Антониу Гуттеррештің сөзінен соң, әнімен ашу Димашқа жүктеліпті.
«Olympico»! Еуропиаданың шымылдығын түруге дәл осы әнді Игорь Крутой Димашқа арнайы жазып берген! Әнші композицияны орындап біткенше, сазгер сахна сыртында қобалжумен тұрды.
Димаш Құдайберген – әнші
– Белоруссияны – шығармашылық отаным деп білемін! 4 жыл бұрын «Славян базарының» Гран – Приін жеңгенім естеріңізде болар? Сондықтан, бұл жер менің өз үйім сияқты. Халқы да өте жылы қабылдады.
Димаш қайта ұшаққа отырғанша оған көрсетілген құрмет түгесімеді!