Жұлдызды патиге шақырту алсаңыз, дресс-кодтан бас тартпаңыз. Себебі, бір стилді ұстану – кеш иесіне деген құрметтің белгісі. Бірақ, бұл тәртіпке бағынбайтындар да бар екен.
Талапқа сай киінгенімше, шараға бармай-ақ қойғаным артық! Танымал блогер Әлішер Елікбаев осылай дейді. Алайда, бұл оның керітартпалығы емес, амалсыз қабылдаған шешімі.
Әлішер Елікбаев, блогер:
- Дресс кодты ешқашан сақтамаймын. Мен екі метрдан ұзынмын. Сондықтан маған костюм ешкім жасамайды. Жасаған кездің өзінде, арықтап кетем, семіріп кетем. Ал, костюм өте қымбат тұрады. 5-6 мың еуро.
Әлішердің айтқаны, амуаждық Анастасия үшін құр сылтау! Сылқым, кеш иесі өтініш білдірсе, көйлегінен бастап, маникюрына дейін жаңартуға әзір.
Анастасия Клещенко, «Amouage» тобының әншісі:
- Дресс-код шақырту қағазына жазылмаған кездің өзінде, мен ұйымдастырушыға хабарласып, қандай образда болу керек деп сұраймын. Кеште қонақтардан өзгешеленіп, өзімді жайсыз сезінгім келмейді.
Қандай да бір қуанышын тойлай қалса, Анастасияның өзі де қадірлі меймандарына бір стильді ұстануды сұрайды. Әншінің пікірінше, бұл талап шараның атмосферасын көңілдірек етеді.
Анастасия Клещенко, «Amouage» тобының әншісі:
- Туған күнім болғанда, мен «Барби» тақырыбын таңдадым. Сонда құрбыларымның барлығы күлгін түсті көйлек киіп келген. Меніңше, бұл адамдардың көңіл-күйін көтереді.
Дресс-кодты талап ету, соңғы кездері қазақтың тойларында да белең алғаны жасырын емес. Мұндай сәттерде, Анара Батырхан киерге киім таппай, тығырыққа тіреледі екен.
Анара Батырхан, актриса:
- Көбінесе ол тойларда болады. Кейде айтады, қызғылт-сұр-көк-жасыл көйлек киіп кел деп. Енді ондай кезде қиындық тудырады. Ал, былай тіктіріп үлгерем, алдын-ала айтылған соң 10 күндей, кейде 5 күнде үлгеремін.
«Ал, ең абзалы мен сияқты асығыстық жасамау үшін, образыңды алдын-ала жоспарлап қойғаның жөн», - дейді актриса. Себебі, дресс-код қанша дегенімен кеш иесіне білдірген құрметің.