Мақпал Жүнісова мемлекеттік қызметкерлердің жалақасын жоғарылатуды сұрайды. Айлығы шайлығына жетпеген Халық әртісі, бүгінде тойларда ән салуға мәжбүр екенін айтады. Тіпті Үкіметтен алатын ай сайынғы табысын да жалпақ жұртқа жайып салды!
Мақпал Жүнісова – мемлекеттік қызметкер! Өнер иесі «Қазақконцерт» ұжымының штаттағы өкілі. Бірақ аталмыш мекемеден берілетін айлығы шайлығына да жетпейді. Сондықтан әнші тойдан тапсырыстар қабылдап, тиыннан теңге құрап жүр. Ал, Халық әртісінің жалақысы қанша?
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
- Маған Үкімет 120.000 теңге ақша төлесе, мен оны жеткізе алмасам, әрине мен тойға барамын. Ол менің мамандығым. Ән айтып нәпақамды тауып жүрмін. Әркім өзі солай нанын табады. Айлығымның жетпегендігінен. Әйтпесе маған жетістіріп төлеп отырса, маған ары-бері ұшып жүрген ұнайды дейсіз бе?
Мардымсыз жалақының мәселесін жастар жағы да жоққа шығармайды. Мәселен, Алматының Ғабит Мүсірепов атындағы театрында бірнеше жыл тер төккен әнші Ochooou, бір кездері аталған ұжымнан өз еркімен жұмыстан кетіпті.
Ochooou, әнші, актер:
- Мен толығырақ айтайын, театрда жұмыс істейтін адамдардың айлығы мүлдем қанағаттандырмайды. Өнер, шынайылық, сахнаға берілгендік... Оған құба-құп, сөз жоқ! Бірақ енді одан табыс болмаса, ары қарай адам дамымаса, жанұясының жағдайын жасай алмаса...
Бірақ мекемедегі қызметтің ақшасы аз болғанымен, атақ алғанда жәрдемі зор деседі. Мұны «Музарттықтар» жақсы біледі. Кезінде мемлекеттік марапатты еншілеген топ, өнердегі ағаларының алдын орап кеткен көрінеді.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
- Бізде сұрастырдық марапат беретін мекемелерден, сонда қызмет жасайтын азаматтардан. Неге Ұлықпан Жолдасов жоқ десек, ол кісі еш жерде тіркелмеген дейді де. Қазақконцерт, «Гүлдер», филармония, опера театры, өнер академиясы, консерватория. Ресми түрде еш жерде жұмыс жасамағандықтан...
Бүгінде Ұлықпан Жолдасов өзіне тиісілі төлбелгіні таққанымен, өнер иесі той мен композиторлықты кәсіп етіп жүр!