Әдетте әр жобасының сапасына сын көзбен қарайтын Ерке Есмаханның дәл қазір идеясы таусылған секілді. Әнші соңғы бейнебаянында өзге әріптестерінің клипіндегі кадрларға қол салған. Бұл шығармашылық дағдарыс па?
«1001 күн» - Еркенің таяуда ғана тұсауы кесілген туындысы. Видеоның сюжеті салмақты ойға құрылғанымен, әншінің өзі бой көрсететін локацияны өзге клиптен анық байқауға болады.
Қос видеоның режиссерлары бөлек. Мәселен, «Арай» тобының экс-мүшесі Медеттің клипі өткен жылдың мамырында жарыққа шықса, Еркенің жаңа бейнебаяны тура 12 айдан соң желіге жүктелген. Мұндай қадамдардың жиі қайталануы нені меңзейді? Отандық шоу-бизнесте тәжірибесі толысқан Жеңісхан, клипмейкер мен клиенттің арасында өрбитін өзара келісімнің болатынын айтады.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
- Егер тапсырыс беруші өзі келіп, Жеңісхан мынадай клип бар. Түкте керек емес, тура осылай қылып түсіріп бер десе, түсіріп бересің.
Кезінде Жеңісханға да осы тектес түрлі ұсыныстар түскен. Алайда, режиссер әрбір жобаға өзіндік қолтаңбасын қалдыруды басты ұстанымы еткен.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
- Ұсыныстар болды. Бірақ мен керек емес ұқсатып дедім. Әншіге келгенде біреудікін таңдап келеді де, режиссерға келгенде режиссер өзінікін көрсету керек. Сондықтан режиссер болады. Кино түсірсең де, не түсірсең де режиссердың өзінің көзқарасы болу керек.
Соңғы кездері бір-бірінің шығрмашылық «мүлкіне» қол салғандардың саны артқан.Таяуда Айдана Меденованың да су жаңа жұмысы, көшірме клиптердің тізімін толықтырды.
Шет елдік бейнебаянның идеясын қымсынбай ұрлаған түсірілім тобының әрекетін, «Ордалық» Есболат Беделхан шығармашылық дағдарысқа балайды.
Есболат Беделхан, продюсер:
- Әншілердің көбісі тек қана өзінің бейнебаянын атын шығару үшін тез-тез сапасыз бейнебаяндар шығара береді. Сондықтан оларды санға алмау керек. Режиссерға біраз көбірек дұрыстап ойлану керек деп сын айта аламын.
Ал плагиаттың ханзадасы атанған Ернар Айдар, бір кездері ресейлік Доминик Джокердің клипіндегі сюжетті айна-қатесіз көшіріп алған еді.