Ал, Айнұр Ілиясованың әзірге киноға түсуге уақыты жоқ! Актриса, бір жыл бұрын Темірбек Жүргенов атындағы академия студенті атанып, өз енесі ұстаздық ететін бөлімге оқуға түскен еді. Таяу күндерде, өнерпаз екінші анасының алдында алғашқы емтиханын тапсырмақ.
Жуырды ғана екінші мәрте ана атанған Айнұр әр секундын жоспарлауға машықтанған. Тайм-менеджмент қатаң сақталмаса, отбасы, оқуы әлде қоғамдық істерінің бірі ақсап қалуы бек мүмкін. Бүгінде бикеш, қолы қалт етсе кітапхананың есігін торуылдайды. Себебі, жақын күндері жауапты емтихандары басталмақ.
Айнұр Ілиясова, актриса:
- Мен академияға магистратураға түстім, сахна тілі пәніне. Қазір бірінші курсты аяқтайық деп қалдық, иә. Енді, екі курс оқиямын, екі жыл оқитын болам. Міне осы енді, оған да үлгеріп жүрмін ақырындап.
Ілиясованың әр сабағына ерекше жауапкершілікпен қарауының бір сыры бар. Өнер академисынан түлеп ұшқан талай жұлдызды «сахна тіліне» машықтаған Дариға Тұранқұлова – актрисаның енесі. Айнұр магистрант атанғалы ұлағаттың ұстаздың шәкірттерінің қатарына қосылды. Дегенмен, болмысы қатал, талабы тым биік Дариға апай келінім деп оған жылы қабақ танытпақ емес.
Айнұр Ілиясова, актриса:
- Ол кісі көп еңбек етті, ол кісі үлкен маман. Енді, ол кісі маған көп нәрсесін үйретіп кеткісін келеді. Мен де ол кісіден көп нәрсе алғым келеді, себебі ондай мамандар бірден-бір.
Осылайша, енесінің тәлім-тірбиесін үйде емес, түзде алып жүрген әріптесінің бұл қылығын Әсел Сәдуақасова құптайды. Өзі де киноөндірістің қыр-сырын меңгеруді кеште болса бастамақ ниетті.
Әсел Сәдуақасова, актриса, продюсер:
- Қыркүйек айында, Мәскеуге «Психология» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Одан бөлек, АҚШ-қа барып, «актерлік шеберлік және режиссура» бойынша курсқа қатыспақпын.
Білім қуған киногерлер легі мұнымен шектелмейді! Құралай Анарбекова да АҚШ-қа аттанатынын айтса, Нұрлан Қоянбаевтың да корей еліне сапар шегіп, шетелдік режиссерлардан тәжірибе жинақтан қайтқан жайы бар.
Рүстем Әбдіраш, режиссер:
- Қалай болғанда да, кино ол үлкен кәсіп. Оған оқу керек, білім алу керек, тәжірибелі кәдімгі білімді түрде келіп жұмыс істемесең, ол жеңіл-желпі жасалған дүниелердің барлығы көрініп тұрады экраннан.
Oсылай әріптестерінің бастамасын оң бағалаған Рүстем Әбідраш, қай салада жүрсең де, білім алу маңызды екенін алға тартады.