Бүгінде шынайы қарым-қатынастан алшақтап, виртуалды әлемге тәуелділігі артқан жастардың келешегі, Арапбаеваны қатты алаңдатып отыр. Лайк пен хайптың соңынан кеткен қыз-жігіттерді жөнге салудың жолдары қандай? Маржан мен Қайрат Баекенов жаңа жобасын жұртқа таныстырды.
Бұл Маржан мен Қайраттың бірлескен екінші жұмысы. Заманауи тақырыпты таңдаған жұп, тың туындыны «Лайк» деп атапты. Телефонға телмірген жұрт, сенсорды серік еткен ел! Бұл бейнебаянда виртуалды әлемге бас сұққан қоғамның бейнесі айқын көрсетіледі. Әннің авторы – Баекенов, клиптің идеясын ойластырған – Арапбаева.
Маржан Арапбаева, әнші:
- Бір-бірімізге көңіл бөлейік, мейірімді болайық. Сәл болса да қалың қалай, қалайсың? 5 минут телефонсыз араласып отырайықшы бір-біріміздің қалымызды сұрап дегендей, сондай бір жағдайға жетсек екен деген ниетпен...
Жаңа видеоның түсірілім жұмыстары Елорда мен Бурабайда жүргізілген. Клиптегі локацияға музыкалық студия мен компьютерлік графика қолданылған.
Маржан Арапбаева, әнші:
- Яғни, адамдардың барлығы робот болып кеткен. Миының барлығы, сана-сезімінің барлығы техниканың ішінде дегендей. Солай басталады да, бірақ Құдайға шүкір жақсы аяқталады. Бүкіл ұялы телефон, компьютердің барлығы жарылып кетіп, адамдар ояна бастайды.
Қайрат пен Маржанның көтерген мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әуелде әлеуметтік желімен күресудің жолын қарастырғандардың бірі – Динара Сұлтан еді. Әнші бикештің «Таста insta» атты клипі сөзіміздің нақ дәлелі.
Динара Сұлтан, әнші:
- Жаңадан инстаграм шығып жатқан кез Қазақстанда. Инстаграм туралы көп дұрыс-бұрыс сөздер болғандықтан, көбі желіде отырады... Сүйіктілер бір-біріне назар аудармайды деген сөздер болып жатқаннан кейін, сол толқында «Таста insta» деген әнді шығардым.
Бірақ сол кездері жаңа туындыға жатырқай қарағандар да, Сұлтанды сынға алғандардың да санында шек болмапты.
Динара Сұлтан, әнші:
- Критика болды, әрине. Неге сен ол әнді айтасың, бірақ өзің инстаграмда отырасың деп.
Трендтен қалыспайтын Кәмшат Жолдыбаева, керісінше ғаламтордың қызығына кірген қыз-жігіттерге арнап, өткен жылы «Лайк баса бер» әнін жарыққа шығарған еді.