Канн киносайысына сүйіктісі Камила Морронені ерте келген ДиКаприо сүрбойдақтар сапын босататын сыңайлы! Актердың қатысуымен таспаланған «Бір күні Голливудта» фильмінің тұсауы кесілді. Еске салсақ, фестивальдің ең басты әрі көпшілік асыға күткен картинасын Квентин Тарантиноның өзі таспалаған еді.
Қыз біткенді жиі ауыстыратын ДиКаприоның жаңа ғашығы паппарацийдың басты назарында. «Оскар» иегерінің ауқымды шараға сүйіктісін ертіп келуі – қанша дегенімен сирек құбылыс. Алайда, 21 жастағы сылқымға фотографтар алдында аздап жалғызсырауға тура келді.
Есесіне, ағылған қонақтардың көптігінен, қызыл кілем бір сәт те тыным көрмеді. Эдриен Броуди, Сонам Капур, Винни Харлоу мен сән әлемінің сұлулары – қадірлі қонақтардың бір бөлшегі ғана. Тіпті, олардың арасында Криштиану Роналдудың асыл жары – Джординиа да бар.
Соған қарамастан, Квентин Тарантино, Брэд Питт, ДиКаприо, Марго Роббиден құрылған тамаша төрттік меймандардың көлеңкесінде қалмады. Кино әлемінің қаймақтары – сөзсіз бүгінгі кештің жұлдызы.
Еске салсақ, бұл Тарантино мырзаның Канн кинофестиаліне 25 жылдан кейінгі қайта оралуы. Өткен жетістігін қайталауға құлықты режиссер, көрсетілім алдында желі арқылы, журналистер қауымын спойлерден аулақ болуға шақырды.
- Канн қаласында сіздермен бірге «Бір күні Голивудта» картинасын тамашалау мен үшін қуаныш. Алайда, сіздерді фильмнің сюжеті мен бөлшектері туралы айтпауларыңызды сұраймын.
Аль Пачино бастаған өнер әлемінің ең үздіктерін жинақтаған аталмыш лентаның сценариін, әдеттегідей Тарантиноның өзі жазған. Сюжет желісінде фильмге түскісі келген телевизия өкілінің оқиғасы баяндалады. Қысқаша айтқанда, 1969 жылдардағы кино туралы картина. Басты рөлде – ДиКаприоның өзі.
Айтулы туынды фестивальдің «Алтын пальма бұтағын» еншілей алады ма, әзірге бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде. Отандық көрермен болса, картинаны тамыз айында тамашалай алмақ!