Әли Оқапов қыздарға қатты өкпелі. Кезінде талай сұлуға сезімін бідіргенімен, бойжеткендердің басым бөлігі әншінің ұсынысын қабыл алмаған. Енді көңілін қалдырған аруларға, жаңа видео арқылы үндеу жолдамақ.
Халық әртісінің ұлы жалғыз емес, қасында Қапкарашка да бар. Қос әнші осыдан 2 жыл бұрын жарыққа шыққан трекке жаңа бейнебаян таспалауда. Ән жазу – Нұржанның ұсынысы, клип түсіру – Әлидің идеясы. Әріптестер шығармашылық шығынды да теңдей бөлген.
Әли Оқапов, әнші:
- Бәрі әділетті. Бәрі 50/50! Әннің өзі де 50/50 болды. Өйткені әннің де шығындары бар ғой. Қаншама адам жұмыс істейді мысалға оны шығару үшін. Бейнебаянда да сол, бәрі тепе-тең!
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Өзімнің кешіме Әлиді қонақ ретінде мен бірінші шақырдым. Астанадағы концертіне Әли мені шақырды. Былайша айтқанда бір-біріміздің концерттерімізде орындап шықтық. Бұл әннің өзінің тыңдармандары бар.
Ғашық болу оңай ма? Әли мен қара баланың қосыла шырқаған әні дәл осылай аталады. Өнерпаздардың бұл тақырыпты таңдауы тегін емес. Кезінде екеуі де құлай сүюдің қиындығын бастан өткерген.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Алып бір сезімдер неше түрлі. Күнделікті өзгеріп тұратын сезімдер. Сондықтан бірде қайғы, бірде мұң. Бірде қуаныш, бірде той. Сондай бір түрлі-түрлі сезімдерге бой алдыратын кезең ғой ғашық болу деген. Сондықтан оңай емес.
Әли Оқапов, әнші:
- Мектепте менің алғашқы махаббатым мысалға маған қарамай қойды. Менің сыныптасым. Содан кейін мектеп бітірер кезде бір қыз қарамай қойды. Содан кейін студенттік кезімде болды бір жағдай. Шынымды айтайын, қазір бәрін есіме түсіре алмаймын. Бірақ болды!
Махаббаттың машақатын көп көрген Әли, сезімінен бас тартқан сұлулармен соңғы жылдары кездесіпті.
Әли Оқапов, әнші:
- Кезінде маған қарамай кеткенде, қазір мен басқа адам болдым ғой. Мен де есейдім. Әртіс болдым. Бірақ дегенмен ол қыздың айтқаны, сен мүлдем өзгермепсің. Мінезім. Өйткені біраз жыл болды көріспегенімізге, араласпағанымызға. Аяқ-асты кездесіп қалдық та бір жерде. Мүлдем өзгермепсің. Яғни, әзілдерің сол, жүріс-тұрысың да сол. Қанша жұлдыз болсаң да, сен сол Әли екенсің дегендей. Мен оны ерекше жылы қабылдадым.
Бұл бейнебаянның желісі де қыз бен жігіт, баянсыз махаббаттан тұрады. Алғашқыда шығармашылық ұжымға 4 сюжет ұсынылған. Таңдау барысында түсірілім тобының көңіліне қонғаны – соңғы сценарий екен.