Әнші болу Әли Оқаповтың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Музыканттар отбасында өскен жас өрен, тіпті ән салуға деген құлшынысын да байқатпапты. Бірақ бүгінде шоу-бизнестің танымал өкіліне айналды. Өнерпаздың шабытын шақырған кім?
Әли алғаш сахнаға шыққанда, анасының арқасы деп топшылады көпшілік. Өйткені, Оқаповтың ойында ән салу жоқ еді. Тіпті, жастайынан балалар байқауына қатысып, әділқазылар алдында бағын да сынап көрмепті.
Әли Оқапов, әнші:
-Мен 16 жасыма дейін мүлдем ән айтпаушы едім. Сондықтан біздің кезімізде байқаулар болды... кішігірім байқаулар. Бірақ мен оларға қатысып көрген жоқпын. Өйткені мен кішкентай кезімде ән айтпайтынмын. 16 жасымнан ғана бастадым.
Дидардың әнге деген әуестігі қаршадайынан басталған. Бірақ өнер жолын таңдауға талпынған ұлына, Лидия Кәденова қарсылық танытқан көрінеді. Жұлдызды ананың баласына айтқан ақылы мынадай болыпты...
Дидар Кәден, әнші, актер:
- Шыны керек, егер қатты бір асып-тасып бара жатқан даусың болмаса, қай уақытқа дейін сен айтып жүресің?
Тәжірибелі актрисаның айтқаны тура келді. Баласының болмысынан сол кезде-ақ әнші шықпайтынын байқаған болуы керек. «Эстрада вокал» мамандығын тәмамдаса да, Дидар дауысының шамалы екенін енді түсініп жүр.
Дидар Кәден, әнші, актер:
- Мен өзімді білемін. Бір асып-тасып бара жатқан менің даусым жоқ. мен бір жоғарғы ноталарды алып, қатты мелизм жасап немесе төменгі жағы... Жоқ, мен шын ниетпен, жүрекпен, өзімнің әндерімді жай ғана дауыспен халыққа жеткізсем болды.
Десек те, дәл қазір Дидардың әншілік мансабы саябырсып қалған секілді. Соңғы тректері осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған әрі репертуарын жаңарту жоспарында жоқ. Себебі Кәденнің көздегені басқа сала.
Дидар Кәден, әнші, актер:
- Менің таңдағаным қазір – басқарма! Басқарушылық қызмет. Өйткені қолымнан көбірек ұйымдастырушылық жағы жақынырақ. Өзімнің ата-анам, жолдастарым айтқаннан кейін осы жолды таңдадым.
Айтпақшы, бір кездері киноиндустрияға бет бұрған Кәденнің актерлық кәсібі де дәл қазір тоқтап тұр.