«Орданың» жұмысына үзіліс жариялап, продюсерлік пен жеке әншілікті қолға алған ұжым мүшелері, соңғы жылдары жасырған құпияны ашты. Аталмыш төрттіктің соңғы шешіміне, сұраныстың сиреуі себеп болған. Табыс әкелмеген топтың ендігі тағдыры не болмақ?
«Орда» тобы алғашқыда ағайынды жігіттерден жасақталған еді. Кейін Жанболат Беделхан және Рүстем Оразбеков есімді өнерпаздар жобадағы жұмысын тоқтатып, қатарға қырғыз әншілері қосылды. Дәл осы құраммен қарқынды қызмет етуге бекінген әртістер, соңғы жылдары жеке-жеке кетіп, бойзбенд жұмысы бәсеңсіген. Басты себеп – топқа деген сұраныстың азаюы болса керек...
Есболат Беделхан, әнші, продюсер:
- Негізі ол рас! Ал егер біз кезіндегі әйгілі топтар сияқты көп жыл жұмыс істеп, әр жыл сайын хиттер жазып, жұмыстарды белсенді көрсетіп, өзімізді сахнада жақсы көрсетіп, бәсекеге қабілеттілікті көрсетсек жеке жұмысымызбен кетпеуміз мүмкін еді. Бірақ мен осы жеке-жеке жұмысымыз үшін өкінбеймін.
Бүгінде Ерболат продюсерлік мансабына мықтап кіріссе, Дастан жеке әншілігін шыңдап жүр. Ал, Нұрлан Әлімбетов Бішкекте бизнесін дөңгелетуді көздесе, кіші Беделханның да келешекке құрған жоспары даяр.
Есболат Беделхан, әнші, продюсер:
- Уақыт өткен сайын сахнадағы жұмысымнан ақырындап алшақтай беремін. Продюсерлік, болашақта киноға байланысты жұмыстарым бар. Сол таңдауда боламын. Сол жаққа бара жатырмын.
«Орда» жайлы тың мәлімдемені жасаған Есболат, бұл ақпаратты жастармен кездесу барысында баяндады. Бірақ танымал төрттіктің жанкүйерлеріне жеткізер жағымды жаңалығы бар. Келер жылы бойзбендте мерейтой!
Есболат Беделхан, әнші, продюсер:
- Біз нақты қойған жоқпыз мерзімді. Сәуірдің бірінде болу мүмкін. Осы «Орданың» 20 жылдық концерті. Бірақ басқа күндері болуы да мүмкін.