Таяуда Арынбаев өлім аузынан қалды. Сырқаты сыр берген әншіге дереу он сағат бойы ота жасалған. Дертке шалдыққан Медеуге дәрігерлер қандай диагноз қойды? Өнер иесіне қатысты барлық мән-жайды Серікқазы Аязбаев айтады.
Байқасаңыздар, бұл жолы Медеудің өңінде өзгеріс, сахналық стилінде басқаша болмыс байқалады. Бірақ, халық алдына қалпақпен шыққан Арынбаев сәннің соңынан кетті деген сөз емес.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Шляпа киіп тұрғаныма бір дөкейсініп кетті-ау деп ойламаңыздар. Бір айдан енді асып жатыр, басыма үлкен он сағаттық ота жасалды. Операция болды он сағат. Шашымның жоқтығы ғой. Бір айдың шамасын тап-тақыр қылып алып тастады. Енді-енді өсіп жатқан кезең.
Абырой болғанда он сағатқа созылған ота сәтті аяқталған. Дәрігерлер дереу диагнозын да анықтап беріпті.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Ес жоғалту. Енді түсінікті болар, эпилепсияның бастамасы. Бастамасын қолға алдық. Соған кетіп бара жатыр еді.
Мұндай қауіпті сәтті Медеу бірінші рет бастан өткеріп отырған жоқ. Күні бүгінге дейін сырқаты талай мәрте белгі берген көрінеді. Алғашқыда көңіл аудармағанымен, соңғы кездері жайсыз жағдай жиі қайталанған.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Бұрынғы кезеңдерде жылына бір рет көз қарауытып, бас айналып, ес жоғалтатын жағдайлар болушы еді. Бір 5 минуттық, одан кейін ес жиып алатынмын.
Елуден асқан шағында сырқаты сыр берген әнші, қауіп-қатердің артта қалғанын айтады. Медеуге берілген ендігі тапсырма: салауатты өмір салтын ұстанып, ақ халаттылар тағайындаған дәрі-дәрмектерді уақытымен қабылдаса болғаны.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Дәрі-дәрмекті уақытылы ішіп тұру керек, көп жүру керек. Енді-енді бір айдан асты, спортпен аздап дене шынықтыру керек. Дәрігерлердің берген кеңесімен тамақтану керек. Сондықтан мен 3-4 ай қатаң режимде болуым керек.
Арынбаев ауруға беріліп, сары уайымға салынбақ емес. Өйткені, әншінің отбасында көзқуанышына айналған атұстары Дәулет пен қызы Даяна бой түзеп келеді. Бүгінде жұлдызды әке дауысын қалыпқа келтіріп, өнердегі өз ортасына қайта оралуды көздеп жүр. Өмірінің басым бөлігін сахнада өткізген Медеу үшін, ән әлемінен алшақтаудан асқан қиындық жоқ.
Медеу Арынбаев, әнші:
- Есте қаларлық жағдай шығар. Төртінші сәуір күні басыма ота жасалды. Төртінші мамыр күні Арман Дүйсеновтің концертіне дәл осы шляпамен сахнаға шықтым. Қайтем енді, отыра алмаймын. Ауруханада жатсам да, сұранып екі сағатқа барып қайтқаным бар.