Канн фестивалінде қай фильмнің оза шауып, үздік атанатыны әзірге белгісіз. Он күнге созылатын киношараның көркі қызуда! Мәселен, Джонни Дэптың экс-жұбайы – Эмбер Херд қызыл кілемде киген көйлегімен көптің талқысына қалды!
Әлемдік киноөндірістегі кіл сен тұр, мен атайын тұлғалардың басын қосқан Канн фестивалі қонақтарын қарсы алуда. Соның бірі – Эмбер Херд. Ел назарын мінсіз мүсінімен еліткен актриса, кешке қатысушы емес, тек мейман ретінде ғана келді.
Бұл күні «Bacurau» картинасының тұсауы кесілді. Жүлдеге дәмелі аталмыш фильм, Бразилияның түкпіріндегі бір ауылдың басынан өткен тылсым оқиғаны баяндайды.
Аталмыш лентаны таныстыруға фильмнің түсірілім тобы толықтай келді. Киногерлердің бұл көшін режиссер Клебер Мендонса Фильо-ның өзі бастады. Өнерпаз бұған дейін де айтулы сайыста бағын сынап көрген еді.
Кейіннен, қызыл кілеммен жүріп өткен жұлдыздар қауымы, Джон Ка́рпентерді құттықтауға көшті. Қорқынышты картина мен ғылыми фантастика майталманына киносайыстың арнайы жүлесі табысталды.
Джон Карпентер, режиссер:
- Кино таспалауды сонау 1956 жылы армандаған едім. Көздегеніме жетттім. Кино арқылы әлемнің тылсым құбылыстарын халыққа көрсету өте қызық.
Режиссерға бұл марапат 20-шы ғасырдағы тәуелсіз киноға өлшеусіз қосқан үлесі үшін берілді.