Отандық кинопрокаттың үздік фильмдері анықталды. Өткен уик-эндтте көш бастаған - Энн Хэтэуэйдің су жаңа «Түзелмес алаяқтар» картинасы. Комедиялық лента, тіпті Марвэлдың суперқаһармандарын шаң қаптырған.
Энн Хэтэуэй мен Ребел Уилсон сынды танымал актрисалар басты рөлді сомдаған картина, айналымдағы алғашқы аптада 268 млн-нан аса пайдаға кенелді. Қызыққа толы лентада, қос бикештің түрлі алаяқтық әрекетке барғандары суреттеледі.
«Кек алушылар: Соңы» фантастикалық туындысы бұл жолы екінші орынға жайғасты. Әйгілі франшиза қаһармандарының соңғы айқасы, жоба авторларына 142 млн қаражат алып келген-ді. Марвелдың туындысы отандық прокаттан үш апта ішінде 1 млрд-тан астам кіріс көріп, өзіндік рекорд орнатты.
Көрермен көңілінен шыққан үздік фильмдер үштігін – «Мумбай қонақүйі» драмасы түйіндейді. Триллер жанрында таспаланған картина, қоржынын 87 млн. теңгеге толтырды. АҚШ пен Австралия мемлекеттері бірігіп түсірген драма, Үнді еліндегі қонақүйлердің бірінде болған оқиғаны баяндайды. Аталмыш фильмде, отель тұрғындары тірі қалу үшін, зұлым күшпен күреспек.