«Кешью» тобының экс-мүшесі Элизат Берікова перзентханадан шықты. Тұңғышын босанған әнші қыз дүниеге шекесі торсықтай ұл алып келді. Алайда Элизат декреттік демалыста отырмай, шығармашылығыма кірісемін дейді.
Былтыр жыл соңында ақ босаға аттаған Элизат енді аяулы ана. Әнші қыздың тұңғыш ұлы дүниеге 3 келі салмақпен келіпті. Ал бойы - 52 см. Элизаттың өзіне бұл сәби төл мерекесіне сый болса керек.
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:
- Әсер керемет бүгін өйткені менің туған күнім. Негізі менің өзімнің туған күнім. Өзімнің туған күніме сондай Алла Тағала маған сондай үлкен сый сыйлады деп білем. Өте қуаныштымын және бүгін күйеуіме сыйлық жасадым мейрамына.
Жаңа туған нәрестенің есімі - Батырхан. Элизаттың айтуынша бұл ата-апасының таңдауы. Ұлын жақындарына сеніп тапсыруды көздеген бикеш, өнерге келу үшін, декреттік демалысты да ұмытуға әзір.
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:
- Енді мен күйеуге шыққаннан кейін аяғым ауыр болды, содан кейін кішкене үйде отырдым. Енді қазір аяқ-қолым босады. Енді мен боспын. Балаларды енемізге тапсырамыз. Өйткені қазір, 21-ші ғасыр үйде отыратын заман емес, жұмыс істейтін заман сондықтан өнерге қайтып келем.
Алғашында «Лашын» одан кейін «Кешью» тобында өнер көрсеткен ару, бұдан-былай жеке әнші ретінде бағын сынамақ. Берікова кино әлемінен де құр қалмақ емес. Ол тіпті аяғы ауыр кезінде де актрисалықты қолға алып, Сара Амангелдімен бірге «Мен сені сүйемін» атты фильмде бой көрсеткен еді.
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:
- Негізі Сараның біз екеуміз енді өмірде де доспыз ғой былай. Тура сол фильмда мен соның досы болып ойнадым. Ол жерде аяғың ауыр ма, ауыр емес па негізі қатты маңызды емес.
Элизаттың кинодағы образына жуырда баға бере алатын боласыздар.