Ең үздік туынды - «Хоббит» пен «Сақиналар әміршісі» авторы Толкин жайлы фильмнің тұсауы кесілді! Киногерлер ұжымы, тіпті «Кек алушылармен» кассалық жиын үшін таласуға да дайынбыз деп отыр. Алайда, бұл мүмкін бе? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Бұл тұсаукесер бұрынғыдан өзгерек! Себебі, фильм анау-мынау емес, әйгілі фантастикалар авторының өмірінен сыр ақтармақ. Көптен күткен премьераға «Хоббит» пен «Сақиналар әміршісі» картиналарының фанаттары түгелдей дерлік жиналды.
Жанкүйерлерімен сэлфи жасап, паппараций алдында құмары қанғанша суретке түскен актерлар туынды туралы тілдесуге көшті. Кештің жарық жұлдызына айналған Лили Коллинз, түсірілім барысында өзі үшін талай жаңалық ашқан көрінеді.
Лили Коллинз, актриса:
- Жазушы жетім өскенін білмеппін. Сондықтан, ол отбасына деген қажеттілікті достарымен алмастырып, жолдастарымен жақын болған.
Байопикте оқу кезінде қатарынан аластатылып, есесіне мөлдір махаббат, адал достық пен шалқар шабыт таба білген жас жазушының өмірі суреттеледі. Сондай-ақ, сері бірінші дүниежүзілік соғысты бастан өткеріп, көрген-білгенін парақ бетіне түсіруге тырысады. Нәтижесінде, Толкинның қаламы мен ұшық қиялынан бүгінгінің бестеллері дүниеге келген еді.
Николас Холт, актер:
- Қазір жарық көріп жатқан ғылыми-фантастика авторларының барлығы Толкин еңбегінен шабыт алды десем, артық болмас. Бұл туынды тақырыбы да сол – тәжірибе нәтижесінде пайда болған шығармашылық туралы.
Марвелдың өзі Толкинның тың туындыларынан шабыттанды деген киногерлер, кинонарықтағы бәсекелестіктен әсте қорықпайды. Биографиялық лентаның көрерменге берері де мол көрінеді.
Том Глин-Карни, актер:
- Фильмді көрген соң, адамдар кинодан шығып жақындарына хабарласып, кездесуге шақырады деп үміттенемін. Лента адамдарға онлайн емес, шынайы өмірде сөйлесудің маңызды екенін көрсетуі тиіс.
Лента мамыр айының 10-нан бастап үлкен экрандарға жол тартады деп күтілуде.