Есімі ең беделді басылымның бірінде жарияланып жатқанда, BTS-тықтар өз отанына оралуды жөн көрді. Жігіттер, Сеул қаласында журналистермен кездесіп, жарық көрген жаңа альбомға қатысты тың деректерімен бөлісті. Жүздесу барысында, бойзбенд пен Эд Ширан каллобарациясы да сөз етілді.
Желіде қаралымы жағынан рекорд орнатуы мен су жаңа альбом BTS-қа деген әлем қызығушылығын еселендіре түсті. Азия ғана емес, Еуропа елдерін де шығармашылығымен баураған бойзбенд, БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.
RМ, «BTS» тобының лидері:
- Тыңдарман тарапынан ыстық ықыласқа бөленіп жатырмыз! Көптеген оқиға мен түрлі сезімдерді бастан өткердік. Сондықтан, бізді осыған жетелеген махаббат күші туралы айтқымыз келді. Ол - жанкүйерлердің махаббаты.
Бүгінде Армиді BTS пен Эд Ширанның каллоборациясы көбірек қызықтыруда. Британдық орындаушы мен корейлік бойзбенд арасындағы шығармашылық тандем туралы қауесет, осыдан бір жыл бұрын тараған еді. Енді міне, су жаңа жинаққа қос тараптың туындысы еніп отыр.
J-HOPE, «BTS» тобының мембері:
- Эд Ширан бізге хабарласып, ортақ ән орындауға ұсыныс тастады. Бірден келісімімізді бердік. Себебі, бізге оның әуендері ұнайды, онымен жұмыс істегіміз келді.
Осылайша, Эд Ширанмен бейнебаян таспалауымыз мүмкін деген топ, өзге де жаңалықтарымен бөлісті. Сәтін салса, BTS-тықтар аз уақытта тағы бір америкалық мәртебелі марапаттың иегері атануы мүмкін.
SUGA, «BTS» тобының мембері:
- «Billboard Music Awards»-тың екі аталымына үміткер атанып отырмыз. Алайда, атулы марапаттың ең болмағанда бір жүлдесін жеңіп алсақ та, жаман болмас еді.
Еске салсақ, «Billboard Music Awards» мамырдың 1-і күні өтпек. Ал, одан кейін бантандықтар «Love Yourself: Speak Yourself» турнесінің аясында АҚШ-қа аттанбақ.