Елка, Серебро, Юлианна Караулова бастаған ресейлік жұлдыздар Нұр-Сұлтанда бас қосты! Бұл кездесудің басты себепкері - «Золотой граммафон» музыкалық марапаты. Ресейдің атышулы шарасы бұл жолы елімізде дүркіреп өтті. Ал, елордаға табан тіреген шетелдік әншілермен тілшіміз Мадина Дәулетқызы арнайы тілдесіп қайтқан еді!
Мадина Дәулетқызы, тілші:
«Золотой граммофон» марапаты Нұр-Сұлтан қаласында! Ресейдің кіл мықты әншілері санаулы сәттен кейін отандастарымыз алдында өз өнерін паш етпек. Еске салсақ, атаулы музыка шара алғаш рет елордада өткізіліп отыр.
Марапаттың дәл Қазақстанда аталып өтуі бекер емес! Биыл «Русское Радио Азия» үшін 20 жылдық мерейтой. Айтулы датаға орай, еліміздің ең мықты радиостанциясы шетелдік әншілерді шақырып, ерекше кеш ұсынды.
«Золотой граммафон» марапаты хит-парадта 20 күннен астам уақыт үздік атанған орындаушыға табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әншілерге келіп түскен әрбір 10-шы дауыс қазақстандықтардан екен. Дәл осылай, отандастарымыздың арқасында оза шауып, жүлдені иеленгендердің бірі - Юлианна Караулова.
Юлианна Караулова, әнші:
-Қазақстандықтар алдында өнер көрсеткен маған қатты ұнайды. Себебі, мұнда ерекше атмосфера. Ал, марапатқа келер болсам, өте қуаныштымын. Сенің еңбегіңнің еленуі шалқар шабыт сыйлайды. Рахмет барлығына!
Музыкалық марапаттың тізгінін «Русское Радио Азия»-ның дикторы -Айдын Жасыбаев пен ресейлік әнші Зара ұстады. Алайда, жұлдызды жүргізушілерге қарағанда, Владимир Пресняковтың төбе көрсетуі халықты орындарынан тік тұрғызды.
Пресняковтың ізін ала Елка, Денис Клявер, Артик пен Асти сахнадан табылды. Жаңа есімге ие болған елордада алғаш рет өнер көрсеткен ресейлік әншілер, бұл оқиғаға қатысты да өз ойларын білдірді.
Таисия Повалий, әнші:
-Қазақстанда мен ең алғаш 1997 жылы елорданың Астанаға ауыстырылуына орай өткізілген кеште ән салған едім. Енді міне, араға уақыт салып Нұр-Сұлтан қаласында өнер көрсеттім.