Шакираның ән ұрлағаны рас па?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шакираның басы дауға қалды. Колумбиялық әнші өзгенің трегін ұрлады деп айыпталған. Бикештің музыкант Карлос Вивеспен бірге шырқаған «La Bicicleta» хиті плагиат деседі. Шакира барлық сұраққа жауап беру үшін сот залына келді.

Шакираның ісіне қатысты сот отырысы Мадрид қаласында өтті. 2017 жылдың наурыз айында, композитор Ливан Рафаэль Кастельяно Вальдес әншінің үстінен шағым түсірген.

Өнер иесінің плагиат мәселесінде айыпталуына дәл осы ән себеп болған. Музыкант Карлос Вивеспен шырқалған тректі, Ливан Рафаэль 20 жыл бұрын өзі жазған «Yo te quiero tanto» туындысының көшірмесі деп отыр.

Ливан Рафаэль Кастельяно Вальдес, композитор:

-Плагиат жасаудан бұрын, сен барынша сақтануың керек еді. Тіптен болмаса әннің сөздерін қолданғың келсе, бір шешімін табуға да болар еді ғой. Менің алдымнан өтсе, келісімімді берер едім.

Шакира авторлық құқығымды бұзды деген композитор, өз еңбегінің заңсыз қолданылғанына қапалы. 2016 жылы Испанияда хитке айналған трек «Grammy Latino» марапатын иеленген еді.

Сот алдында жауап берген Шакира, барлығын жоққа шығарған. Бикешпен дуэт орындаған Карлос Вивес те ақталды.

Карлос Вивес, музыкант:

-Шакира қатты уайымдады. Ол болып жатқан жағдайды сабырмен шешуге тырысқан еді. Әр адамның өз шындығы бар. Сондықтан заң әділеттілік жолында деген ойдамын.

Бүгінде «La Bicicleta» бейнебаянын «YouTube» желісінде 1,3 млрд көрермен тамашалап үлгерген. Поп-жұлдызы Шакира, бұл мәселеге қатысты БАҚ өкілдеріне пікір білдіруден бас тартты. Себебі заң қызметкерлері істі кейінге шегерген.