Қайрат Нұртастың қызы сынға ілікті

Сообщить о проблеме с эфиром

Төрт баласының әрбір жетісігін жазып, жұртпен бөлісетін Қайрат Нұртастың жанұясы тағы да талқыға түсті. Бұл жолы әншінің тұңғышы, жас өнерпаздар байқауында үздік деп танылған еді. Алайда, оқырмандар, Сезімнің жетістігі – ақшаның арқасында келді деп жазғыруда.

Күйсандықтың құлағында ойнаған Сезім, қазылар алқасына ерекше әсер сыйласа керек, ол жас өрендер додасында топ жарды. Айдарбековтер әулеті жағымды жаңалықты желіге жүктегені сол еді, жұрт дереу сынай жөнелген.

-Өзінің ынтасы бар деп ойламаймын. Ақшамен оқытады!

Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:

-Сол жазған адамдар, сондай пікірдегі адамдар – негізі баланың тәрбиесін өте бұзатын адамдар.

Хэйтерлердің осы іспеттес пікірлері – Жұлдыздың қытығына әбден тиген екен. Жас ана бірнеше оқырманын қара тізімге енгізгенін айтады. Былтыр Түркия еліндегі білім сайысына аттанған екінші қызы Алау, оқушылар арасында ұйымдастырылған өнер бәйгесіне қатысып «Мисс Олимпиада» атанады. Жұлдыз қуанышты хабарды көпшілікпен бөліскен сәтте, оқырмандардың алғашқы сауалы мынадай болыпты...

Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:

-«Сатып алдыңыздар ма?», - дейді. Өте күлкілі. Себебі мен сатып алмақ түгілі, мен қызымның ол жерде өнер көрсететінін білген жоқпын. Мен қазірден бастап қызыма ондай нәрсенің бар екенін көрсететін болсам, ертең болашақта одан қандай үміт күтемін?..

Қайраттың ұл-қыздарының әр күні – тығыз кестеге түзілген. Сабақтан тыс уақытта сахнаға да шығып жүр. Бұл балалардың жүрек қалауы. Бірақ хитменнің перзенттері, болашағын өнермен байланыстырмайды. Жұлдызды жұптың шешімі осы.

Қайрат Нұртас, әнші:

-Негізі мен балаларымды оқу жағына бергенмін. Бәрі жақсы мектепте оқиды. Ал ән, фортепиано, домбыра оның барлығы жай хоббилері болып қалады. Мен шынымды айтсам, өзімнің отбасымды, кішкентайларымды өнерге бергім жоқ.