Ким Кардашьян болса дизайнерлермен соттасып әлек. Атышулы бикешке арнайы жасалған образдарын, түрлі брендттер ұрлап алса керек. Кардашьян енді киім үлгілерін көшірген сән үйлерін жазалаймын деп отыр.
Талай сәнқой аруға үлгі болған Ким Кардашьян, әр образын үнемі жеке дизайнеріне сеніп тапсырады. Бикеш трендке айналған киім үлгілерін кейін сатылымға шығарып, пайда да табады. Дегенмен, Кимнің көйлектерінің көшірмесін «Misguided» сән үйі арзан бағамен рұқсатсыз саудалап келген. Енді Канье Уэсттің жұбайы аталмыш ортаңқол брендтен, сот арқылы өтемақы ретінде 10 млн доллар өндіріп алмақ.
Мадонна мен Леди Гага татуласты. Өнер иелері 8 жылдай араз болған екен. 2011 жылы Мадонна, Гаганың «Born This Way» трегін өз репертуарынан ұрлап алды деп айыптаған еді. Гага бикеш әнінің плагиат еместігін барынша дәлелдеп бақса да, нәтиже шықпаған еді. Сол уақыттан бері аралары суып келген қос өнерпаздың, бір-біріне деген көңілі енді жіби бастаған.
Джереми Микстің жұбайы Хлоя Гринмен қарым-қатынасы қыл үстінде. Әлемдегі «ең сымбатты қылмыскер» атанған сері, соңғы кездері сүйіктісімен тіл табыса алмай жүрсе керек. Модель 2017 жылы британдық «Topshop» брендінің мұрагер қызымен отау құрған еді. Енді жас отбасындағы тұрақты ұрыс-керіс пен берекесіздік, бұл жұптың да ажырасуына әкелетін секілді.