Көптің кумирі «GGG» болса, Анна Седакованың парақшасына пікір жазамын деп көзге түсті. Әйгілі боксшыны былғары қолғап киген «экс-ВИАгра-лық» арудың видеосы қызықтырса керек. Жалпы елімізге белгілі танымалдардың да, шетелдік жұлдыздардың басқан ізін аңдып жүретіні баяғыдан белгілі.
Жаттығу залында жұдырықтасып жүрген Анна Седакованың видеосы, GGG-дің көзіне оттай басылса керек, спортшы пікір қалдырмай кете алмапты. Былғары қолғап киген украиндық әншіге Геннадий «Жарайсың» деп, жылы лебізін білдірген. Головкиннің бұл сөздерін «экс-ВИАгра-лық» ару да жауапсыз қалдырмады.
-Рахмет! Барып тағы жаттығайын, содан соң арнайы видеоларды жүктеймін. Әйтпесе, сенің алдыңда ұят болып жүрер!
Геннадий – шетелдік сұлуларға ықыласын білдіремін деп, елді елеңдеткен жалғыз отандық спортшы емес. Бұған дейін Илья Ильин ресейлік актриса Наста́сья Самбурска́яға ерек комментарий жазған еді.
-Қандай тәтті едің! Үндемей кете алмадым!
Өкінішке қарай, Ильиннің мұндай қошеметі, Самбурскаяның назарына ілікпеді. Оның үстіне жазба жанкүйерлеріне де жаға қоймаған болатын. Есесіне, Роналдудың қуанышымен ортақтасқан Ерке Есмахан оқырмандарын әбден күлкіге қарық қылды. Әнші ару, әке атанған былғары доп шеберін желіде құттықтауды жөн көрген.
-Бауы берік болсын!
Еркенің бұл пікірі, бірден қазнеттің қызу талқысына түсті!
Алайда, Есмахан да өзгенің әжуасына пост арқылы әзілмен жауап қайтаруға тырысты.
-Бала жақсы еміп жатыр! Джорджиния аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, тауықтың сорпасын ішіп жатыр екен. Уайымдамаңыздар! Криштиді тағы да құттықтаймын! Роддомнан шығаруына бара алмайтын шығармын, тойым бар!
«Экс-кешюлік» Балжан Бидаш әріптестерінің мұндай қылығын оң қабақпен қабылдауын сұрайды. Оның үстіне, әнші ару керек болса, өзі де жазба қалдыруда тартынып қалмақ емес.
Балжан Бидаш, әнші:
-Мен Голливудтық жұлдыздарды инстаграмда өте көп қараймын. Солардан бірдене алу үшін. Көбінесе мен әншілерге емес, модельдерге көп қараймын. Ким Кардашьян жанұясы, солардың қыздары.