Америкалық шоуда өнер көрсетіп, талайды талантымен тәнті еткен Димаш Құдайберген есімі – әлемдік басылым беттерінде! Бүгінде жаһан журналистері өнерпаз туралы жарыса жазуда. Ең қызығы, әншінің отандық әріптестері дауыс бермек түгілі, Димаштың қандай байқауға қатысып жатқанынан мүлде бейхабар екен.
«Димаш Құдайбергенов қандай байқауға қатысып жатыр?» деген сұраққа жұлдыздар қауымының берген жауабы осы. Отандасымыз бүгінде АҚШ-та
«Тhe worlds best» сайысында бағын сынап жатқаны бар. Өнерпаз, әзірге 100-дің ішінен 98 пайыз жинап, алғашқы кезеңнен өтті.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Анау не сияқты ғой, «Америка даусы» сияқты ғой. Бірақ америка форматы басқа. Бәрі бір біріне ұқсайтын болды ғой. Оның қатысып отырған байқауы – керемет байқау.
Дастан Оразбеков те, Димаштың шетелдік қазыларды аузына қаратқанын естігенмен, дәл қандай байқауға қатысып жатқанынан бейхабар. Сайысты арнайы бақылап, дауыс бермесем де, Құдайбергенов үшін тақым қысар қолдаушы екендігін айтады әнші.
Дастан Оразбеков, әнші:
-Мен үшін Димаш деген – әлемдегі алып тұлғаның алтыншысы деп ойлаймын. Бес актава дегендіктен, алтауын ешкімге бермегендіктен, біздің қазақтың маңдайына біткен дүние. Сол берген дүниені жақсылап, шегіне жеткізші деп ойлаймын.
Отандасымыздың жетістігін жіті бақылап, байқауды қалт жібермейтін жалғыз жан – Дәурен Айдарқұлов болып шықты. Керек десеңіз, актер шоудағы қазылар сөзін қайталап айтып беруге әзір.
Дәурен Айдаркұлов, актер:
– Енді маған жюриде отырған бір кісінің сөзі өте ұнады. Сол сөзінің айтуы бойынша, «Тhe worlds best» шоуы осындай, Димаш сияқты әртіске айналған деп. Сол сөзімен толықтай келісемін, өйткені Димаш сияқты әншіні әлі мен көрмегем.
Ал, танымал тұлғалар сынды, Құдайбергеновке қалай дауыс беру керектігін білмейтіндерге құлақ қағыс! Отандасымызды «Тhe worlds best» шоуының көрсетілімі кезінде, байқаудың Твиттер парақшасы арқылы қолдай аласыз!