Әйгілі «Тақтар ойыны», табынушылары үшін тосын сый әзірледі. Сәулетшілер аталмыш телехикаяның стиліне сай, арнайы мұздан жасалған қонақ үй тұрғызған.
«Snow Village Lapland» қонақ үйі, осымен екінші жыл қатарынан «HBO» компаниясымен бірігіп мұздан мүсіншелер жасауда. Мұражаймен пара-пар орталық, Вестерос патшалығының көрінісін мінсіз жеткізген.
Қиял-ғажайыпқа тұнған мұзды отельде, Дейенеристің айдаһарлары мен қар адамдарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл ерекше мүсіндерді, әр елден келген 12 суретші жасаған. Демалу орталығын бастан-аяқ мұздан салу үшін, мамандар бірнеше ай еңбек еткен көрінеді.
Латвия, Ресей, Польша, Финляндия және Украинадан арнайы шақыртылған сәулетшілер, қонақүйді 400 тонна мұздан қалаған. Отельде тұрақтаймын десеңіз, тәулігіне 200 доллар төлеп, Винтерфеллдің арнайы ас мәзірінен дәм тата аласыз.
2018 жылы «Тақтар ойыны» – әлемдегі ең көп көрермен жинаған алғашқы телехикая атанды. Туындыны бір ғана АҚШ-тың өзінде 30 млн-нан аса жанкүйері тамашалайтын көрінеді.
Джордж Мартиннің авторлығынан туған фэнтези, жуырда соңғы маусымын ұсынбақ. Жеті патшалықтың өзара талас-тартысы жайлы сериал, сәуір айынан бастап жарық көреді.