«Грэмми» марапатының жеңімпаздары!

Сообщить о проблеме с эфиром

Музыканттар үшін «Оскармен» пара-пар әйгілі «Грэмми» марапаты жеңімпаздар есімін жариялады! Леди Гага, Ариана Гранде мен Дуа Липаға Чайлдиш Гамбино шаң қаптырды. Америкалық киногер әрі әнші мұндай жетістікке жетеді деп, ешкім күтпеген-ді!

«Грэммидің» бас жүлдесі – «Жыл жазбасы»/Запись года/ марапаты бұрын-соңды бірде-бір рэп орындаушыға бұйырмаған-ды. Алайда, алғаш рет айтулы мүсіншені қоржынына қосқан Чайлдиш Гамбино шараға қатыспады. Сондықтан, келген қонақтардың аздап абдырап қалғаны бар.

Одан өзге «This is America» «Жыл әні», «Үздік музыкалық видео», «Үздік рэп орындау» сынды тағы үш марапатқа лайық деп танылды. «Жыл әртісі» – Дуа Липа!

Дуа Липа, әнші:

-Құдайым, таңқалғанымнан не дерімді де білмеймін! Расымен де, биыл нәзік жандылар белсенді бола түскендейміз.

Дуа Липа айтпақшы, шығармашылығына шыңдап кіріскен арулардың қатары расымен көп. Мәселен, Карди Би «Үздік рэп-альбом», Ариана Гранде «Үздік поп-альбом» иегері атанса, Леди Гага үш бірдей мүсіншені қолтықтап қайтты. Олардың ішінде әншінің Бредли Купермен шырқаған дуэті де назардан тыс қалмады.

Леди Гага, әнші, актриса:

-Бәріңе рахмет! Жетістігім үшін жаратқанға алғыс айтамын! Мені назарыңда алып жүргеніне. Отбасыма, бәріне рахмет!

Жеңімпаздар қатарынан хип-хоп орындаушы Дрейк те қалыспайды. Жыл бойы Биллборд чартының көшін бастаған рэпер, әсерлі сөздерімен келген қонақтарды тәнті етті.

Дрейк, хип-хоп орындаушы:

-Мына жүлде емес, халық ілтипаты нағыз жеңіс! Себебі, ол адамдар күннің суығы мен ыстығына қармай еңбек етіп, бар ақшасын сенің концеріңе билет сатып алуға жұмсайды.

Қысқасы, Грэммиден құр алақан қайтқандар жоқтың қасы. 84-аталым бойынша әнбәйгеге тігілген жүлделер бәріне жеткендей.