Санжар Мәди сатып алмақ болған рөл

Сообщить о проблеме с эфиром

Танымал режиссер Әділхан Ержанов, ММА жауынгері жайлы авторлық туындысын таспалауда. «Атбайдың жекпе-жегі» деп аталатын фильмде - Данияр Алшынов пен Санжар Мәди басты рөлдерді сомдамақ. Санжар, тіпті, бұл картинаға түсу үшін, ақша төлеуден де тайынбапты.

«Канн» кинофестивалінде ерекше ықыласқа бөленген режиссер Әділхан Ержанов, «Атбайдың жекпе-жегі» драмасының авторы. Киногер аталмыш туындыға, Әсел Сәдуақасова, Данияр Алшынов, Санжар Мәди сынды танымал актерлар құрамын жинаған еді.

Әділханның картинасында бой көрсетуді армандағандардың бірі - Санжар Мәди. Актер бұл фильмге түсу үшін өзі қолқа салған екен.

Санжар Мәди, актер:

-Есімде, «Алматы кинофестивалінде» режиссер Әділхан мен Серікпен кездесіп қалдым. «Қандай фильм түсіріп жатырсыңдар, мені де шақырмайсыңдар ма деп, тіпті продюсерлердің бірі болайын» - деп, тура сұрадым. Ақырында мені продюсер емес, актер ретінде шақырды.

Санжар Мәди – картинада ММА жауынгерінің рөлін сомдайды. Ол басты кейіпкердің сегізбұрыштағы карсыласына айналмақ. Алайда Санжар, бұл образға ену үшін талай тер төгуге тура келді дейді.

Санжар Мәди, актер:

- Әлі күнге дейін қиындықтар туып жатыр. Әсіресе менің ағзама. Себебі, мұндай қатал тәртіпке мүлдем үйренбеген. Аптасына 5 рет, күніне 2 мәрте жаттығуларды үзбей жасау үшін, өзімнің жан-дүниеммен күресуге тура келді.

Атбайдың образы – Данияр Алшыновқа бұйырыпты. Актер өмірі қиыншылыққа толы жанның кейпіне енеді. Алшынов бұл туындыда тынбай еңбек етіп, түрлі жанкешітілікке барған.

Данияр Алшынов, актер:

-Бұл жерде физикалық тұрғыдан, бізге көп дайындық қажет болды. Берілген уақыт аз, небәрі бір-жарым ай ғана. Осы уақытта 10 келіге арықтадым.

Қатаң тәртіпке мойынұсынған Данияр, Әділхан Ержановпен бір түсірілім алаңында жүргеніне қуанышты екен. Тіпті сері, күнделікті қарапайым өмірімді ұмыттым дейді.

Данияр Алшынов, актер:

-Мен тамақтануды мүлдем қойдым. Бар ойым қалай да болсын арықтау еді. Сондықтан болар тіпті дұрыс тамақтануды да ұмыттым. Қиындықтар болса да, бір ай бұрынғы суретіммен салыстырдым өзімді, нәтиже шыққанына қатты таң қалдым.

Әділхан Ержановтың келер жылы жарық көретін авторлық туындысы, болашақта түрлі кино бәйгелерге ұсынылмақ.