Серік Ибрагимовті бұрынғы продюсері сынға алды. Алтынбек Рахметовтың айтуынша, экс-жобасының – сахналық стилі мен репертуар таңдаудағы талғамы тым төмендеп кеткен. Әнші жігіт болса өзіне бағытталған жағымсыз пікірге, жауап қатуда үнсіз қалмады.
Серік пен Алтынбектің әріптестігі 2014-ші жылы басталды. Қос тараптың бірлескен тұңғыш бейнебаяны «Вокзалда қауышқан қыз» әніне таспаланды.
Алайда, продюсер мен жоба ретіндегі жұмысы төрт жылға ғана жалғасты. Ибрагимов өз қалауымен жеке кетіп, түрлі бағытта ән салуды қаласа керек. Қазір әнші жігіттің репертуары өзгерген.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Қазір енді әр түрлі нәрсені елге бергім келеді. Өзімнің стилімде де әндері жазылып жатыр. Бірақ сонымен қатар халықтың сұрауында жүрген әндер, халыққа жақын әндер деген сияқты әндерді көп жаздырып жатырмын. Енді шыққаннан кейін, халық өз бағасын бере жатар...
Иә, алғашқылардың бірі болып бағасын берген бұрынғы басшысы - Алтынбек Рахметов. Продюсердің сөзінше, Серіктің ән таңдаудағы талғамы төмендеген.
Алтынбек Рахметов, продюсер:
-Қазіргі репертуарына көңілім толады деп айта алмаймын. Осыдан 2-3 жыл бұрынғы Серік және қазіргі Серік екі бөлек адам. Былай енді әңгімелерді айттым. Кішкене бетіңді сахнаға емес, тойға қарай бұрып жіберген екенсің деп.
Рахметовтің тарапынан Серікке айтылған сындар мұнымен шектелмейді. Алтынбектің сөзінше, бұрынғы ізбасарының сахналық стилі мен жаңа имиджінде де олқылықтар көп.
Алтынбек Рахметов, продюсер:
-Енді стиль жағынан да, қазіргі киіп жүрген киімдеріне де көп көңілім тола бермейді. Негізі оны бетіне де айтқанмын. Бірінші рет те айтып тұрған жоқпын. Мұндай жағдайды мен ғана емес, менің әріптестерім де келіп: «Серікке не болған?» - деп, айтады.
Серік Ибрагимов, әнші:
-Сол өзіме бір сондай ойлар келді де. Басқаша бір өзгеріс енгізіп көрейін деген сияқты. Халық бірде былай, бірде былай қабылдап жатыр. Сондықтан бірден үйреніп кету мүмкін емес қой. Бірақ шектен шыққан дүние жасап жатқан жоқпын деп ойлаймын.