Баян басқаратын орталық талай таланттың жұлдызын жаққанымен, продюсердің қуанышына ортақтасуға келген шәкірттері санаулы ғана. Бұл кешке Жанар Дұғалова, Мөлдір Әуелбекова сынды экс-кешьюліктер шақырылмаған секілді. Ал, ұстазымен қарым-қатынасы тәуір қыздар Алагөзоваға алғысын айтуға әзір.
Бұл кеште Баянның «Кешьюдегі» тұңғышы Анель Аринова, «алтын құрамнан» Айдана Меденова да жүр. Тағдыры ұқсас Жұлдыз Өмірғали мен Ақбота Сейітмағамбет те осында. Сондай-ақ, аталған гелзбендте 2018-дің соңына дейін ән салған Назым Әбілдина да келіпті. Алагөзованың меншікті мерекесінде бой көрсеткен шәкірттердің тілегі тек алғыс. Өйткені өздері түлеп ұшқан продюсерлік орталықтан олар толағай тәжірибе жинады.
Назым Әбілдина, «KeshYou» тобының экс-әншісі:
-Сахнамен жұмыс істеу, адаммен бөлек жұмыс істеу, сөйлесу. Басқа продюсерлік орталықта жұмыс істеп көрдім. Дәл осындай үлкен мектептен өтсін деп, мен қыздарға да соны тілеймін.
Баянның мектебінде тәлім алған аруларлардың барлығы жұрттың назары мен қазнеттің талқысынан тыс қалған емес. Экс-кешьюліктер өнер жолы арқылы өмірдегі серіктерін де жолықтырды.
Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:
-Негізі мен өнер адамына тұрмысқа шықпаймын дегенмін, кішкентай кезімде. Бірақ енді... (күледі) Алла Тағаланың қалауымен жолдасым өнер адамы болды. Бір жағынан өнер адамы болғаны да дұрыс болыпты. Өзіңді қолдайды, түсінеді, қызғанбайды. Артық әңгіме айтпайды. Түсірілім алаңына кетіп бара жатқан кезде, кеттім деймін. Ал, өнер адамы болмаса қызғаныш, ұрыс-керіс болуы мүмкін ғой.
Баян мен Бағым «Кешью» тобынан бөлек, жеке әнші ретінде де талай жобаларды жұртқа таныстырды. Жұлдызды фабрикадан: Әсем Жәкетаева, Сая Оразғалиева, Жания Джуринская, Ерке Есмахан және Жарқынай Ханайым сынды сылқымдар үлкен сахнаға жолдама алды.
Жарқынай Ханайым, әнші:
-Көп нәрсе берді. Өзіме деген сенімділікті берді. Ең бастысы әртіс адамға керек нәрсе. Және де Бағым Мақсатқызы өзінің білімін менімен бөлісті деп айта аламын.