Пинк, шығармашылық жолындағы маңызды бір белесті бағындырды. Енді америкалық әншінің «Даңқ аллеясында» өз жұлдызы бар! Пинк үшін қуанышты бұл сәтте ет-жақындары мен өнердегі әріптестері қасынан табылған.
Пинк мұндай қошеметке, шығармашылық жолда 20 жыл тер төккен соң лайық деп танылды. Жеке жұлдызын иеленген 39 жастағы өнер иесі, бұл қуанышты сәтін табынушыларымен бірге қарсы алды!
Pink, әнші:
-Маған берілген бүгінгі сый – өмірімдегі ең бағалысы болмақ. Осыдан 23 жыл бұрын ғана, алғашқы келісімшартыма қол қойған едім, міне бүгін қызығын көріп отырмын.
«Үздік хип-хоп» орындаушылардың біріне айналған Пинк, басы-қасы 7 альбом жарыққа шығарып, 50 млн-ға жуық сатылыммен әлемді мойындатты.
Алиша Бет Мур, яғни Пинктің 15 трегі, «Биллборд» сынды беделді музыкалық чарттардың көшін бастаған. Арудың өнеріне алғаш тәнті болғандардың бірі тележүргізуші – Эллен Дедженерес. Өмірде жақын құрбысына айналған ол, Пинкті құттықтап көзіне жас та алды.
Эллен Дедженерес, тележүргізуші:
-Көпшілік Пинк деп білсе, мен Элли, Алесия, Алиса деп білем. Ұялшақ қыздың белді тұлғаға айналғаны, мені қатты қуантты!
Поп-рок жанрында ән шырқайтын Пинк, осы уақытқа дейін «Грэммидің» 20 аталымында үміткер деп танылып, соның үшеуін жеңіп алған. Енді 10-шы ақпан күні өтетін музыка мықтыларының кезекті бәйгесінде, «Үздік поп альбом» марапатынан дәмелі болып отыр.