Атақты «Махаббат станциясы» фильмімен ұштасатын «Тағдыр бекеті» картинасы, отандық көрермендердің көңілінен шыққандай. Баян Алагөзова продюсерлік еткен драма алғашқы кассалық табысымен-ақ, америкалық туындыларды шаң қаптырды.
Ticketon.kz сайтының сараптамасы бойынша, отандық туынды 56 млн теңгемен көш басында. «Махаббат» станциясында ойнаған әйгілі үштіктің, ұзақ жылдан кейін қайта тоғысуына, енді балалары себеп болмақ. Алайда, бір-бірін құлай сүйген ұл-қызына, әке-шешелерінің өткен өмірі кедергі жасайды.
Америкалық актриса Энн Хэтэуэйдің «Теңіздің арбауы» фильмі екінші сатыда. Триллер жанрында таспаланған картина, 49 млн теңгедей қаржыға кенелген. Фильмде миллиардердің жұбайы атанған бикеш, аяқ-астынан бұрынғы сүйіктісінен көмек сұрайды. Сөйтсе оның қалауы – ауқатты күйеуінің көзін құрту көрінеді. Экс-ғашықтардың бұл жоспары жақсылыққа апармайды.
Үздік үштікті түйіндеген «Мызғымас», «Сплит» картиналарының ақырғы бөлімі саналатын - «Әйнек» туындысы. 37 млн теңгеден аса кіріс көрген психологиялық драма, Дэвид Данның кезекті қулығы жайлы. Жүйкесі жұқарған ол, өз ортасы үшін қауіпті тұлғаның бірі. Дэвидтің, әр-түрлі жанның кейпіне ене алатын қасиеті бар. Енді сырт көзге момақан көрінетін кейіпкер, өзінің кек алу жоспарын жүзеге асырады. Ел көңілін тапқан фантастикалық триллер, екі апта бойы үздіктер қатарында.