«Тақиялы періште» фильмінің жалғасын жарыққа шығарған ұжым, азулы режиссерлардың ашуын тудырды. Аты аңызға айналған кинотуындының, екінші бөлімін таспалаған топтың жұмысында шикілік көп көрінеді.
«Тақиялы періштенің» жалғасы жарты ғасырдан соң жарыққа шықты. Осыдан төрт жыл бұрын түсірілім жұмыстарына кіріскен шығармашылық топты, әлдебіреулер алдап, талай мәрте тығырыққа тіреген.
Құсман Шалабаев, «Тайлақтың тақиясы» фильмінің продюсері:
-Бұл салада бірінші рет болған соң, өз басым көп нәрсеге ұрындым. Ортаға кіріп кететін «делдал» дейміз ғой, сондай азаматтар көп болды да. Солардың біреуі былай, біреу былай дейді. Біреуі жанашыр болып, біреу тағы бір нәрсе айтады.
«Тақиялы періште» картинасында анасы ұлына жар іздесе, 50 жылдан кейінгі оқиға желісінде – Тайлақ атаның немересіне қалыңдық таба алмай шарқ ұрған сәттері суреттелген.
Әлімғазы Райымбеков, актер:
-Бұл жерде қазақтың салт-дәстүріне қарсы шығып тұрмын ғой мен. Ер адам жүгіріп, келін іздемейді ғой. Соған қарамастан... Қой, мұны өзім үйлендірмесем болмайды екен деп, кірісіп кеткенім рас!
Тайлақ ақсақалдың немересі Аңсарды сомдаған – Олжас Тоғызақ! Білім қуған, өз мақсаты бар жігіт. Бірақ атасының өтінішін орындауға құлықсыз.
Олжас Тоғызақ, актер:
-Кейіпкеріміз бар амалын жасайды. Кішкене қашқақтау үшін. Былай қашады, былай қашады. Достары көмектеседі. Өзінің жоспарлары іске аспай қалады. Соңында өзінің жарын кездестіріп, үйленеді деп айтсақ болады.
Алайда, «Тайлақтың тақиясы» сыншыл көрерменді баурай алмаса керек. Қазақ киносының азулы режиссеры жаңа фильмнің кем- кетігін жіпке тізіп, еш бүкпесіз баяндап берді.
Сатыбалды Нарымбетов, режиссер:
-Кемшіліктерінің көбісі сол сценарийден, сол сценарийдің әлсіздігінен. Өйткені комедия болғаннан кейін, әр эпизодтан біз күтпеген оқиғалар алдымыздан шыға келу керек атойлап. Біз әрі таңқалып, әрі шапалақтап отыруымыз керек.
Бір қызығы, Тайлақ атаның немересін сомдаған актерға, кинодағы кейіпкерінің өмір жолы жұғысты болған секілді. Жақында Олжас та отбасын құрып, ақ құсын қолына қондырмақшы екен.