Құбыжықпен бірге таспаланған клип!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлеуметтік белсенділігіне қарағанда, Джей Зи әзірге шығармашылығын шетке ысырған сияқты. Есесіне, оның өнердегі үзеңгілестері бір-бірімен жарыса, бейнебаяндарын жарыққа шығаруда. Мәселен, «twenty one pilots» жанкүйерлерін тағы бір туындымен қуантты.

Су жаңа «Chlorine» трегі – топтың ең соңғы «Trench» атты әнжинағына кірген. Клип сюжетінде – улы газдың кері әсерінен, жігіттердің көзіне ақ түсті құбыжық көріне бастайды. Сөйтсек, белгісіз жаратылыстың есімі де бар екен. Жаңашыл ұжым бейнебаяндағы кішкентай кейіпкерге «Нед» деп айдар тағыпты. Еске салсақ, «Twenty One Pilots» тобы мұндай идеямен алғаш рет ерекшеленіп отырған жоқ. Бұған дейін «Грэмми» марапатында «Үздік дуэт» атанған ұжым сахнаға шалбарсыз шығып, елді елең еткізген еді.

Жігіттермен салыстырғанда, Future бейнебаяны үшін сценарий жазып аса бас қатырмапты. Көшеде беріле ән шырқап, видео ұсынған америкалық хип-хоп орындаушы, ең бастысы әсем әуен жүректерге жетсе болды дейді. Сондықтан да шығар, музыкант талай рет «Биллборд» чартының тізімінен табылған еді.

Ресейлік Баста болса, бір оқпен екі қоянды бірақ атты! «Америка салют» деп аталатын су жаңа бейнетуындысы – өнерпаздың АҚШ қалаларына жоспарлаған турнесін жарнамалау мақсатында таспаланған. Рэпердің әнсапары ақпан айында Лос-Анджелес қаласынан басталмақ. Дәл осындай шақыртудан кейін, жанкүйерлері Бастаның концертінен қалмауы тиіс.