Jay Z қылмыскерлердің қамын күйттемек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бейонсенің асыл жары – Jay Z де қоғамдағы өткір мәселелерді айтып, көпшілікке жақпай жүрген жайы бар. Енді, рэпер темір тордың ар жағына тоғытылғандардың құқығын қорғамақ. Нақтырақ айтсам, өнерпаз қылмыстық сот ісіндегі әділетсіздіктерге қарсы арнайы ұйым құрды.

Хип-хоп өкілі жаңа бастамасын, әріптесі Meek Mill-мен бірге көтеруді жөн көрген. Серіктесі ретінде аталмыш рэперді таңдап алуы да бекер емес. Себебі, осыдан екі жыл бұрын заң бұзып, тұтқындалған Meek Mill соттың әділетсіздігінен қосымша бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Адвокатының айтуынша, құрықталған соң заң өкілінің бірі рэпер ән орындап, мәтінде өз есімін де атауды сұраған. Алайда, тілегін орындамаған Мик Милді мемлекеттік қызметкер кейін әбден зәбірлеген екен.

Бұл қылмыс – сот жүйесіндегі әділетсіздіктің бір парасы ғана деген Jay Z, бұдан былай өзгелердің мұндай жағдайға тап болмасы үшін, қолынан келген көмегін аямайтындығын жеткізді.

Jay Z, рэп орындаушысы:

-Біз барынша шынайы болғымыз келеді. Бүгінгі таңда адамдар белгілі бір лауазымға сайланған соң, ойларына келгенін істейді. Әрине, қылмыскерлер заң алдында жауап беруі тиіс. Алайда, өкінішке қарай, сот ісіндегі әділетсіздік өршіп тұр.

Jay Z мен Мик Милдың құрған ұйымының бас директорлығына CNN телеарнасының журналисті – Ван Джонс лайықты деп танылыпты.

Әділеттілік жолындағы жаңа істі бастаушылар – демеушілерін де дереу тапқан. Бүгіннің өзінде ұйымға түрлі компаниялар 50 миллион АҚШ долларын жәрдем ретінде аударып үлгеріпті.