Таяуда, Қонарова қол астындағы тағы бір жобасының жұмысын тоқтатты. Продюсер мен өнерпаздың қоштасуына – қос тараптың өзара түсінісе алмауы себеп болса керек. Тәжірибелі маманның шығармашылық талаптарына қарсы шыққан қай шәкірті? Серікқазы Аязбаев айтады!
Қонаровамен қош айтысқан өнерпаздың аты-жөні – Аян Бекзатхан. Отандық шоу-бизнеске «Ян Хан» лақап атымен шыққан жігіт, «Қара бері» жобасында Алуаның көзіне түскен еді.
Алуа Қонарова, продюсер:
- Аян – табиғаттынан талантты. Әртістік қабілеті де жоғары. Сахнада өз-өзін қалай ұстау керектігін де жақсы біледі. Тректері де жақсы. Менің ойымша ол нағыз кәсіби әртіс.
Дәл осылай ағынан жарылған азулы продюсер, хип-хопқа құштар өнерпазды қанатының астына алып, тіпті жеке бейнебаян да түсіріп береді.
Бүгінде қос тараптың қарым-қатынасы көңіл қуантарлықтай емес. Өткен жылдың соңында, Алуа мен Аянның арасында түсініспеушілік туындаған.
Young Khan, рэпер:
-Ол жерде талғамның сәйкес келмейтіндегі ғана болды. Біз сол нәрсені сөйлесіп, келісіп, бір ауыздан осы жерден тоқтаған дұрыс деп шештік. Ең басында басталған кезде, ол кісі маған не керегін аса қатты білмеген болар. Ал менің ойым - Қазақстан эстрадасына мүлде қатысы жоқ болды.
Алуамен арасы алшақтаса да, Аян шоу-бизнестен шеттеп қалмақ емес. Бүгінде рэпер, шығармашылығын жеке дамытуды қолға алған. Қонарованың көңіліне қонбаған идеяларын, енді өзі іске асыруға бел буыпты. Дәл қазір «Ауыз ти» атты трекке клип таспалау үстінде. Қоғамдағы етегі ерте ашылған оқушы қыздар – тың туындының өзегі болмақ.
Young Khan, рэпер:
-Бұл клипте бір көрініс болады. Мектеп оқушылары осы уақыттан бастап, қалай бұзылып кеткені туралы кішкене үндеу болады. Мен бұл нәрсені көрсетем, бірақ бұзылмауға шақырамын.
Өрімдей бұрымдылардың қыз ғұмырын бейнелейтін видео, бір аптаның көлемінде ғаламторға жүктеледі.