Хакерлердің тұзағына ілініп, инста-парақшасынан айырылған Қарақат, таяуда ғана аккаунтын қайтарып алды. Бірақ оқырмандарымен қауышқан Әбілдинаның, хэйтерлермен арадағы айқасына нүкте қойылмай тұр. Әлеуметтік желідегілер әншіге енді «мақтаншақ» деп айдар таққан.
Дәл осы концерттік көйлектерін желіге жүктеген Қарақаттың қылығы хэйтерлеріне жақпай қалды. Әбілдина, өзіне ерекше образдарды ұсынған дизайнерлерге пост арқылы алғысын білдіргісі келген. Алайда, әншінің бұл қадамын көпшілігі «мақтаншақтыққа» балайтын көрінеді.
-Мен не алғысымды білдіріп, жақсылығын, шарапатын көрген адамдарға рахметімді айтуға құқылы емеспін бе сонда?.. Оның қай жеріне мақтаншақтықты көріп тұрсыз? Не болмаса күнделікті жеп отырған тамағымды көрсетіп отырмын ба? Мен де білетін шығармын нені салу керек, ненің орынсыз, қисынсыз, ерсі болатын.
Анда-санда басы қосылатын «Арнау» дуэті, түскен суреттерін инста-әлемге жолдаса, кереғар пікірлер Салтанаттан гөрі, «Қара балаға» бағытталады екен.
Нұржан Керменбаев, әнші:
-Салтанат екеуміздің түскен суретімізге гүлдің жанында тұрған «тікен» деп жазып жіберіпті. Келесі постта сол кісіге арнап гүл тікенімен әдемі деп жазып жібердім. Мен де адаммын. Пікір кейде өтеді. Сөз сүйектен өтеді дейді ғой.
Сондай-ақ, «Музартта» 14 жыл бойы ән салса да, аталмыш топтың кенжесіне солақай пікірлер білдіретін сыншылардың саны азамай тұр.
Кенжебек Жанбәліов, «Музарт» тобының әншісі:
- «Музартқа» келген кезде «дайын асқа тық қасық» болып келді дейді де көп адамдар. Иә, сын айтылды. Олар менің өнерге қалай келгенімді де білмейді де мысалға.
Кенжебек, кейбіреулердің көкейіндегі бұл күдікті таяуда ғана сейілткен секілді. 2005-ші жылы «Музарт» тобының құрамына қабылданған бұйра бас жігіт, осыдан бір ай бұрын алғаш рет жеке шығармашылық кешін Астанада атап өтті.