Кезінде КВН сахнасынан бергі сырлас достар - Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбай және Асқар Ұзабаев бүгінде бір-бірін бәсекелес санайды. Тіпті, жаңа фильмдерін қатарынан жарыққа шығарып жүр. Отандық киноиндустрияның терісін илеген әріптестердің бұл әрекеті - бақталастыққа айналып бара жатқан жоқ па?
Бұл тақырып КВН түлегі – Асқар Ұзабаев пен кинопродюсер Әсел Сәдуақасованың «Келинка тоже человек-2» картинасының тұсаукесерінде талқыланды. Айта кейтік, жаңа жыл қарсаңында Нұртас Адамбай «Құдалар» комедиясын, Нұрлан Қоянбаев «Бизнес по-казахски в Африке» картинасын ұлттық прокатқа ұсынған-ды.
Асқар Ұзабаев, режиссер:
-Біздің комедия Қоянбаев пен Адамбайдың киносымен бірге күнде шықпаса да, фильмдердің арасы жақын. Дәл қазіргі таңда олармен – кино әлемінде бәсекелеспіз деп айта аламын. Мәселен, Нұртастың «Құдаларын» көрдім. Көңілді картина. Маған ұнады.
Әсел Сәдуақасова, актриса, кинопродюсер:
-Жалпы кез-келген бизнесте бәсекенің болуы заңдылық. Ол жұмыстың сапасын арттырады. Бізде бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Әріптестеріммен өмірде сәлеміміз түзу болғанымен, кинонарықтағы өзара жарыстың бар екенін жоққа шығармаймыз.
КВН түлектерінің комедия жанрындағы картиналарды таспалаудағы өзара жарысы жайлы өзге әріптестері не дейді?
Асқар Бисембин, режиссер:
-Нұртастың киносын көрдім. Керемет шықты. Бірақ енді мына кино маған жақынарық болатын сияқты. Жаңа жыл туралы. Мүмкін қазіргі атмосфераға байланысты.
Осһоооу, әнші, актер:
-Қазір тек комедиялық кинолар түсіріліп жатыр. Ол тезірек өтіп кету керек. Ол киноның ақшасын жауып, екінші киноға... Табыс көзіне айналғаннан кейін, таза творчество болмайды деп айта аламын.
«Келинка тоже человек» фильмінің алғашқы бөлімінде ене мен келіннің жан-дүниесі бір-бірімен алмасса, аталмыш жобаның жалғасында енді күйеуі мен жұбайының рухы орын ауыстырмақ. Ал келесі кезек Әбунасыр Серіков пен кішкентай Аминокада. Өйткені, үшінші бөлімнің сценариі атасы мен немерсіне арнап жазылмақ екен.
Әбунасыр Серіков, актер:
-Мен енді немереммен ауысқаннан кейін, бұл жерде енді ойналанатын көп нәрсе болады. Себебі мен енді кішкентай баланың қылығын жасау деген оңай емес. Тырысамыз деп ойлаймын.