Бүркіт, талантына күмән келтіргендерге өзін дәлелдеді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әртіс – мамандық емес, әншілік – еріккеннің ермегі. Осыдан 20 жыл бұрын өнерге алғашқы қадамын жасаған Бүркітке, ағалары қарсылық танытқан. Тіпті, клиптерін келеке қылып, өзге салада кәсібін дөңгелетуге кеңес берген екен! Дегенмен, бірбеткей әнші, бауырларының пікірін қалай өзгертті?

Бұл бейнебаяндар сонау 98-ші жылдары Таразда таспаланыпты. Осы уақытқа дейін жеке мұрағатта сақталған клиптерді таяуда желіге жүктеген Бүркіт, әріптестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған.

Аша Матай, әнші:

-Мен таңғалдым және Бүркітті танымай қалдым. Бетіне пластикалық ота жасатқан ба деп қоямын.

Тәуекел Мүсілім, актер:

-Шыны керек мен ол клиперді көрмеппін. Алғаш рет көрдім. Сол кезде ең бірінші ой келгені Айбек аға бұрыннан эстрада клип түсіріп, ән айтып жүр екені ғой деген сияқты.

Бүркіттің қатарластары, 20 жыл бұрынғы клипте креативті көзқарасымен ерекшеленген, әмбебап әртістің еңбекқорлығына таңданып отыр.

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:

-Мен әсіресе таңғалатыным Айбектің ізденімпаздығы. Талмай, тынбай жұмыс жасауы. Сол «Бүркіт» болып алғаш рет шыққан кезінде Евгений Жағалтаев продюсер болған кезінен білемін. Қазақфильмге тыншымай келіп, ұйықтамай бір орнында тұрмайтын жігіт қой енді.

Бірақ бастапқыда барлығы – Бүркіттің қалауындай болмады. Әншінің ағалары өнерге құштар інісінің қабілетіне күмәнмен қараған. Алайда Айбектің төккен тері текке кеткен жоқ.

Бүркіт, әнші:

-Жеңіл-желпі қарайтын маған. Қойсаңшы сен осындайыңды деген сияқты. Бір «не серьезный» жұмыстармен айналысып жүрсің ғой деген сияқты. Бірақ кейіннен көрдіңіздер ме, мойындады. Қазір басқаша көзқарас.

Кешегі бозбала – бүгінде өнердің көгінде қанатын кеңге жайған Бүркітке айналды. Алғашқыда ол әншілік қырымен көпшіліктің жүрегін жауласа, қазіргі таңда отандық кинонарықта да қарқынды қызмет етіп жүр.