Алғашқыда «Арнау» дуэті арқылы атағы шыққан Салтанат Бақаеваның танымалдылығы, енді қасындағы «Қара баланы» басып озған. Бұл пікірді Нұржан Керменбаев растады. Ал, жеке әншілік жолға мықтап кіріскен қос өнерпаз, топ тағдырына қаншалықты алаңдайды?
«Арнау» тобын ұмыта бастаған жанкүйерлері жаңа клипті көріп, бір марқайып қалған шығар. Өйткені, бұл видео – дуэттің ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы еңбегі. «Сүйе берем» атты туындыда Нұржан мен Салтанаттың аядай ғана бөлмедегі тыныс-тіршілігі суреттеледі.
Нұржан Керменбаев, әнші:
-Расымен де біздің бейнебаян түсірмегенімізге үш жылдай уақыт болып қалыпты. Осыдан бұрын 2015-те шығарған екенбіз. «Адалдық» атты әнімізге.
Дәл осы «Адалдық» клипінен кейін, топ мүшелері жеке әншілікке түбегейлі бет бұрған еді. Үш жыл ішінде Нұржан қос астанамызда концертін өткізіп үлгерсе, сара жолын қалыптастыруда аянбай тер төккен Салтанаттың да танымалдылығы артқаны анық байқалады.
Нұржан Керменбаев, әнші:
-Қазір менен де танымал деп айта аламын. Неге танымал емес? Өйткені оқырмандарына қарағанда 500 мыңнан артық менен қарағанда танымалдау.
Бірақ, «Қара баланың» бұл пікірін Бақаева құптай қоймайды.
Салтанат Бақаева, әнші:
-Жоқ, әрине келіспеймін. Өйткені Нұржанның өз жолы бар, өте мықты әншілердің бірі. Нұржаннан әлі күнге дейін мен көп нәрсені үйреніп жүремін.
Әріптестер, дуэттің жұмысын таяуда қайта жандандырмақ! Өйткені тыңдарманның аңсары «Арнау» тобына қайта ауа бастаған көрінеді.
Салтанат Бақаева, әнші:
-Халықтың көңілі «Арнау» тобына ашық болған, жақсы болған. Соның есесі деп ойлаймын. Соның берген жемісі деп ойлаймын. Сондықтан, асып кетпесек те әйтеуір, Алланың берген несібесін жеп жүрміз.
Күні кеше су жаңа клиптің тұсауын кескен «Арнаулықтар», келер жылдың басында тағы бір тың бейнебаянмен жанкүйерлерін қуантпақ.