Натали Портман – әншінің рөлінде

Сообщить о проблеме с эфиром

Натали Портман өзі төбе көрсеткен картинаның болашақта табыстылар қатарына ілігетініне сенімді! Лос-Анджелесте «Люкс дауыс» картинасының тұсаукесері болды. Голливуд жұлдызы – өткен өмірі бейәдеп әрекетке толы әншінің образын сомдаған.

«Оскар» иегері Натали Портманның қатысуымен таспаланған лента, танымалдылықтың шыңына шыққан әншінің өмірін баяндайды. Сюжет желісі бойынша, жұлдыздың жетістікке жетуіне сыныптастары ажал құшқан азалы күн септік болған. Селеста, қаралы оқиға құрбандарын еске алу кешінде ән айтып, кейіннен оның видеосы әйгілі продюсердың қолына түседі. Дәл осы сәттен бастап, өнер иесінің бағы жанады.

Алайда, атақ пен мәртебеге қарамастан, Селестаның сахнадан тыс өмірінде өз қиындықтары да жетерлік. Жан-дүниесі сырға толы кейіпкерді көрерменге нанымды жеткізу, Натали Портманның өзіне де оңайға соқпаған екен.

Натали Портман, актриса:

-Менің кейіпкерім – қайталанбас, ерекше адам. Мінезі өзгеріп отырады. Сондықтан, әрбір сахнада жаңа адамды ойнағандай болдым. Оның ішкі дүниесін түсіну өте қиын.

Әуел баста бұл драмадағы поп-жұлдыздың образын сомдау – Руни Мараға бұйырған еді. Бірақ актриса тығыз жұмыс кестесі үшін картинаға қатыса алмай, басты рөл Наталиға тапсырылады. Лентада, сондай-ақ «Оскар» иегерінің орындауында Сианың әнін тыңдауға болады.

Натали Портман, актриса:

-Бүгінгі қоғамда саясат пен поп-мәдениет ұғымы селбесіп кеткендей. Сондықтан, картина әншінің шығармашылық жолы арқылы, заманның шындығын көрсеткісі келген.

Ал, «Люкс дауысын» отандық көрермен көп ұзамай тамашалай алмақ. Музыкалы лента 7-наурыздан бастап үлкен экрандарға жол тартады