Отандық прокатқа жол тартқан фильмдер пайдаға кенелуде. Өткен уик-эндте 108 млн теңге қаржымен үздіктер көшін - «Ғаламторға қарсы Ральф» туындысы бастады. Анимациялық лентада «Дисней» ханшайымдарының барлығын кездестіре аласыз.
Ральф пен Ванилопа фон Кекстің кезекті хикаясы ғаламтор әлемінде өрбиді. Қос кейіпкер саяхат барысында әлеуметтік желіге зиян тигізетін жандармен күреспек. Ticketon.kz сайтының сараптамасы бойынша отбасылық лента, 108 млн теңгеден аса қаржымен бірінші орында.
106 млн теңгедей пайдаға кенелген «Робин Гуд» картинасы екінші сатыға жайғасты.
Атыс-шабысқа толы лентада, туған еліне оралатын Робин мен оның сенімді серіктері жайында. Сарбаздар Англия елін жайлаған сыбайлас жемқорлықпен күреспек. Шытырманға толы триллер «Тақтар ойыны» телехикаясының локациясында таспаланған.
Үздік үштікте қазақстандық «Гудбай, мой бай» комедиясы бар. Картина жоба авторларына өткен аптада 48 млн теңге табыс алып келді.Қызыққа толы фильмде, анасымен бір шаңырақ астында тұратын Ермек, әйелінің талаптарынан шаршап, ажыраспақ болады. Отбасылық өмірдің қиындықтарымен күресетін серіге, жақын достары қолдау білдіреді. КВН майталмандары бой көрсеткен картина, ел көңілін тапса керек.