«BTS» жайлы фильм кассалық табысымен рекорд орнатқан еді. Отандық прокаттағы үздік ленталар да өз бағасын алды. Диснейлік «Ғаламторға қарсы Ральф» мультфильмі көш бастаса, қазақстандық «Гудбай, мой бай» комедиясы да бір елі қалар емес.
Ticketon.kz сайтының сараптамасы бойынша өткен аптаның үздігі – «Ғаламторға қарсы Ральф» анимациялық туындысы. Мультфильмде, Ральф пен Ванилопа фон Кекс ойын автоматтарын қойып, ғаламтор әлеміне аттанады. Қос кейіпкер саяхат барысында «Диснейлік» ханшайымдарымен кездесіп, күллі әлеуметтік желідегі жұртпен таныспақ.
Отандық комедия «Гудбай, мой бай» 77 млн теңге пайдамен екінші сатыда. Фильмде басты кейіпкер Ермек, ата-анасымен бір шаңырақ астында тұрады. Әйелінің қалауы болса – бөлек шығу. Тығырыққа тіреліп, ажыраспақ болған сәтінде, оған достары қолдау көрсетеді. Даут Шайхисламов, Сәбит Рахимбаев пен Нұрдаулет Шертім сынды КВН жұлдыздары бой көрсеткен картина – отбасылық құндылықтарды дәріптейді.
Үздік үштікті 75 млн теңгеге жуық табыс тапқан «Фантастикалық құбыжықтар: Грин-де Вальдтың қылмысы» картинасы түйіндейді. Қиял-ғажайып әлеміне қауіп төндірген зұлым кейіпкерге бөгет болу үшін, Альбус Дамблдор шәкірті Ньют Саламандерді көмекке шақырады. Сиқыршылардың өзара бәсекесі мен шытырман оқиғалар фэнтезидің ажарын аша түскен.